АҚШ Конгрессінде Джексон-Вэник түзетулерін жою мәселелері талқыланды

АҚШ Конгрессінде Джексон-Вэник түзетулерін жою мәселелері талқыланды

Вашингтон, 2024 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі Капитолий төбесінде Қазақстанға қатысты Джексон-Вэник түзетулерін жою мүмкіншіліктерін талқылауға арналған іс-шара ұйымдастырды. Талқылауларға АҚШ Конгрес мүшелері, Мемлекеттік департамент өкілдері, дипломатиялық корпус, бизнес-қоғамдастық пен сарапшылар қатысты.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев елге қатысты түзетулерді жоюдың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның айтарлықтай түрлену жолдан өткенін, Орталық Азияда шетелдік инвестициялар тарту бойынша көшбасшыға айналғанын және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Соңғы 30 жылда Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі екінші ең ірі экономикаға айналып, Орталық Азияның жалпы ішкі өнімінің екі үштен бірін құрайды. Джексон-Вэник түзетулерін жою және Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнату – Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстарды нығайтып, америкалық инвесторларға тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін стратегиялық қадам», – деп атап өтті Елші.

Өкілдер палатасының мүшесі Том Суоззи Қазақстанның діни еркіндікті және заң үстемдігін дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады. Ол АҚШ-тың Қазақстанның алдында тұрған геосаяси қиындықтарды түсінетінін және өңірдегі экономикалық қауіпсіздікті нығайтудың өзара өркендеуге қосатын маңыздылығын жеткізді.

АҚШ Сенатындағы S.2748 заң жобасының авторы, сенатор Крис Мерфи Орталық Азияның АҚШ-тың сыртқы саясатындағы стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, түзетудің күшін жою Вашингтонның өңірдегі ниеттерінің маңызды белгісі болатынын атап өтті. Бұл түзетулердің бұрынғы санкциялар тиімділігіне қарамастан, бүгінде ол халықаралық нормаларды толығымен сақтайтын Қазақстан үшін өзектілігін жоғалтқанын атап өтті.

АҚШ Сенатындағы Орталық Азия кокусының тең төрағасы, сенатор Стив Дэйнес биылғы наурыз айында Қазақстанға жасаған сапары туралы әсерлерімен бөлісіп, сапар нәтижесі бойынша кокус құру туралы айтып, ҚР мен АҚШ арасындағы тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнату жөніндегі одан әрі күш-жігерге сендірді.

«Wabtec» америкалық компаниясының аға вице-президенті Гохан Байхан Қазақстандағы табысты жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы қолайлы инвестициялық ахуал мен құқықтық инфрақұрылымына ерекше назар аударды.

Іс-шара аясында сарапшылар да сөз сөйлеп, бұл түзетуді жоюдың АҚШ сыртқы саясатындағы маңыздылығын атап өтті. Каспий саяси орталығының аға ғылыми қызметкері және бұрынғы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің қызметкері Эрик Руденшольд бұл қадамды бұрын қабылдау керек еді деген пікір білдірді. Ол тәуелсіздіктің 33 жылы ішінде Қазақстан саяси және экономикалық даму саласында елеулі прогреске қол жеткізгенін, сондықтан түзетуді жоюдың негізделген және дер кезінде қабылданған шешім екенін растады.

Іс-шара қызу талқылаумен аяқталып, оның барысында конгрессмендер мен сарапшылар Қазақстанның бастамасын қолдауға дайын екендігін білдірді. Қатысушылар табысты экономикалық реформаларды, Қазақстанның нарықтық экономика қағидаттарына бейілділігін және халықаралық әріптестермен белсенді өзара іс-қимылды ескере отырып, түзетуді қолдану қажеттілігі өзектілігін жоғалтқанын атап өтті.