Қазақстан Вашингтондағы «ASEAN & Friends» фестивалінде мәдени мұрасын таныстырды

Қазақстан Вашингтондағы «ASEAN & Friends» фестивалінде мәдени мұрасын таныстырды

Вашингтон, 2024 жылғы 16 қараша – Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі Вашингтон қаласындағы ең ірі сауда орталықтарының бірі – Pentagon Fashion Centre-де өткен «ASEAN & Friends» фестиваліне қатысты. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы (АСЕАН) ұйымдастырған іс-шараға сауда орталығының келушілері мен қатысушы елдер диаспораларының өкілдерін қоса алғанда, мыңнан астам қонақ қатысты.

Қазақстанның фестивальге қатысуының басты ерекшелігі қазақ диаспорасының «Гүлдер» ансамблінің жарқын өнер көрсетуі болды. Олар ұлттық билер мен музыкалық шығармаларды орындап, еліміздің бай мәдени мұрасын паш етті. Көрермендер бұл қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, қазақ дәстүрлерінің бірегейлігін жоғары бағалады.

Елшілік Қазақстанның туристік әлеуеті туралы ақпараттық материалдарды, соның ішінде елдің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін көрсететін «Born Bold» науқанын ұсынды. Қонақтар Қазақстанның мәдениетімен, тарихымен және ынтымақтастықтың мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Фестиваль халықаралық өзара әрекеттестікке арналған маңызды алаңға айналып, оннан астам дипломатиялық миссияларды, мәдени ұйымдарды және бизнес өкілдерін біріктірді. Сонымен қатар, бұл елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға ерекше мүмкіндік берді.