АҚШ Конгресі Қазақстанды Республика күнімен құттықтады

АҚШ Конгресі Қазақстанды Республика күнімен құттықтады

Вашингтон, 2024 жылғы 25 қазан - АҚШ-тың басты заң шығарушы органының өкілдері конгрессмендер Джимми Панетта (Калифорния), Роберт Адерхольт (Алабама) және Том Суози (Нью-Йорк) Республика күніне орай және екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейіне қолдау ретінде АҚШ Конгресінің ресми бюллетенінде бірқатар мәлімдемелер жасады.

Атап айтқанда, Конгресс мүшелері Қазақстанның бейбітшілікті, қауіпсіздікті және экономикалық дамуды нығайтудағы күш-жігерін ілгерілетуде әрекеттесуге деген адалдығын растап, егеменді даму жылдарында Қазақстан қуатты экономикаға, елеулі халықаралық беделге ие және АҚШ-пен берік екіжақты қарым-қатынасы бар гүлденген мемлекетке айналғанын атап өтті.

Америкалық заң шығарушылар Президент Қ.Тоқаевтың саяси және әлеуметтік реформаларын жоғары бағалады. Т.Суози «Халық үніне құлақ асушы мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жаңа қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадамға айналған а.ж. 6 қазандағы  Атом электр станциясын салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның маңыздылығын бөлек атап өтті.

Сондай-ақ Дж.Панетта мен Т.Суози АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастырудағы Қазақстанның жетекші рөлін меңзеді. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында өткен С5+1 саммитінің B5+1 платформасы, Маңызды минералдар бойынша С5+1 диалогы және Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары секілді негізгі бастамаларын алға жылжытуынан көрінген Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті, экономикалық тұрақтылық пен ынтымақтастықты ілгерілетудегі үлесі ерекше аталды.

Сонымен қатар, Р.Адерхольт пен Т.Суози мәдени және діни әртүрлілік аясындағы ҚР-дағы конфессияаралық келісімге ерекше назар аударып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Өкілдер палатасының мүшелері Қазақстанның экономикалық өсімін мойындау мен жаһандық қолдауды қамтамасыз ету үшін Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнатуды жақтады.