
Вашингтон, 2024 жылғы 6 қазан – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі жанындағы № 381 учаскеде АЭС салу мәселелері бойынша Республикалық референдум өтті. Дауыс беру Вашингтон уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті.
Конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін Қазақстан азаматтары Вашингтонға әртүрлі штаттардан келді. Олардың қатарында энергетика және климат саласындағы халықаралық қатынастарды зерттейтін Джорджтаун университетінің магистранты Камал Аубакиров бар.
Ол референдумда дауыс беріп: «бұл оқиға елдің демократиялық дамуындағы маңызды бастама, сондай-ақ энергетикалық ресурстарды әртараптандыру мәселесін шешудегі басты оқиға болып табылады», - деді.
«Вашингтон қаласында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оның ішінде студенттердің, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің белсенді қатысуы байқалады. Референдум учаскесінде дауыс беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының барлық талаптарын сақтай отырып жүргізіледі», - деді Вашингтондағы №381 Референдум учаскелік комиссиясының төрағасы Далель Исмагулов.
Елшілік дауыс беру процесінің ашықтығы мен мөлдірлігін, сондай-ақ учаскенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті.