Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Е.Ашықбаевтың Индиана және Иллинойс штаттарына сапары

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Е.Ашықбаевтың Индиана және Иллинойс штаттарына сапары

2024 жылғы 19-24 тамыз аралығында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев Индиана және Иллинойс штаттарына өңірлік сапарыаясында штат басшылығымен, америкалық бизнес өкілдерімен және университет өкілдерімен кездесулер өткізді.

Индиана штатының губернаторы Эрик Холкомбпен кездесуде екіжақты және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ Қазақстанға венчурлық инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Сапар барысында білім беру саласындағы серіктестік қатынастарды дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ҚР Елшісі жетекші жоғары оқу орындарын аралап, Блумингтондағы Индиана университетінің, Чикагодағы Иллинойс университетінің және Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетінің басшылығымен кездесті. Кездесулер барысында Қазақстанмен академиялық байланыстарды тереңдету мүмкіндіктері, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясындағы қазіргі ынтымақтастық, студенттер алмасу және жаңа академиялық бағдарламаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Елші қазақстандық студенттермен және профессорлармен де кездесіп, Қазақстандағы білім берудің даму перспективалары туралы өз көзқарасымен бөлісті және алған білімдерінің елдің дамуына қосар үлесі маңызды екенін  атап өтті.

Сонымен қатар, Елші «Cummins» компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргізіп, дизельдік және баламалы отын қозғалтқыштары мен генераторлар өндірісінің әлемдік көшбасшысы болып табылатын компанияның жетістіктерін талқылады. Сондай-ақ агротехнологиялар саласындағы инновацияларға маманданған «Agrinovus» үкіметтік емес ұйымының өкілдерімен кездесу өткізді.

Чикаго қаласында Е.Ашықбаев қазақ қауымдастығының мәдени орталығында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізіп, отандастарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс, мәдени құндылықтарды ілгерілетудің маңыздылығы және Елшіліктің жоспарлары туралы айтты.