
Вашингтон, 2024 жылғы 23 шілде – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ж.Мәдиев пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Н.Жақыпов бастаған қазақстандық делегация АҚШ-қа жұмыс сапарымен келді.
Сапар Вашингтон қ. басталып, онда делегация АҚШ Үкіметімен IT, венчурлық инвестициялар, бұлтты қызметтерді дамыту, жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Орта дәліз инфрақұрылымы бойындағы өзара байланысты талқылау үшін келіссөздер жүргізді.
Қазақстанға ірі технологиялық компанияларды (big-tech) тарту мақсатында делегация Қазақстан-Америка іскерлік кеңесі мүшелерінің қатысуымен АҚШ Сауда палатасының алаңында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара барысында америкалық тарап «Самұрық-Қазына» АҚ және Министрлік мемлекеттік қызметтерді жеделдетіп цифрландыру, интернет/5G желісін қамтуды ұлғайту, электрондық үкімет жүйелерін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан ағымдағы шаралар, сондай-ақ Қазақстандағы америкалық компаниялармен жобаларды іске асыру тәжірибесімен таныстырылды.
Сапар бағдарламасы Қазақстандағы бірлескен жобаларды талқылау үшін әлемдік жетекші технологиялық алпауыттармен және венчурлік қорлармен екіжақты кездесулерді қамтитын Батыс жағалауға баруды көздейді.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация шетелде тұратын және әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтарды біріктіретін «Digital Nomads» IT-қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, Орталық Азияның стартаптарына арналған жаңа акселерациялық бағдарламаларды іске қосу үшін құрылған «Silkroad Innovation» Hub-қа барады.