Қазақстан мен Аризона Ұлттық ұланы арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығы тойлануда

Қазақстан мен Аризона Ұлттық ұланы арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығы тойлануда

Феникс қ., 2023 жылғы 30 қараша - 3 желтоқсан - Қазақстан мен Аризона Ұлттық ұланы арасында «Мемлекеттер серіктестігі бағдарламасы» (State Partnership Program, SPP) шеңберінде ынтымақтастықтың орнағанына 30 жыл толуына орай, ү.ж. 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев пен «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымның әртістерінің Феникс қаласына (Аризона штаты) өңірлік сапары өтті. Сапар бағдарламасы бірқатар ресми және мәдени іс-шараларды қамтыды.

Сапар аясында Аризона Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін мерекелеуге арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шара ұландар шеруі мен байқауы, қоғамдық экспозиция, сондай-ақ «Тұран» этно-фольклорлық тобының концертін қамтыды. 3 мыңнан астам қатысушының алдында сөз сөйлеген ҚР Елшісі Қазақстан мен Аризона Ұлттық ұланы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ғана емес, екі елдің мәдениеттерін жақындастыруға ықпал еткен 30 жылдық табысты әріптестік үшін алғысын білдірді. Аризона штатының Ұлттық ұлан қолбасшысы генерал Керри Мюлленбек, өз тарапынан, Қазақстанмен ынтымақтастықтың нығаюын құптап, біздің ел SPP бағдарламасы аясында алғашқы он үш халықаралық серіктестің бірі болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР Елшісі Аризона губернаторы Кэтлин Хоббспен, штаттың Өкілдер палатасының төрағасы Бен Томамен, сондай-ақ америкалық бизнес өкілдерімен кездесіп, олармен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. 

Сапар барысында Елші Е. Ашықбаев штатпен саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететін Аризона штатында ҚР Құрметті консулдығының ашылғанын жариялады.

Палата төрағасымен және Аризона губернаторымен кездесу қорытындысы бойынша серіктестіктің 30 жылдығына орай үгіт қағаздар қабылданды. Аталған құжаттарда ҚР мен АҚШ арасындағы кең ауқымды мәселелер, оның ішінде білім беру саласындағы мамандарды кәсіби даярлау, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту бойынша табысты ынтымақтастық құпталады.

Маңызды оқиға ретінде штаттың үкіметтік ғимараттар кешенінің алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру болды.

Штатпен экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ҚР Елшісінің «Аризона тау-кен компаниялары қауымдастығының» өкілдерімен кездесуі өтті. Онда тау-кен металлургия кешені саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде, делегаттар 2022 жылы америкалық институтпен бірлесіп іске қосылған қос диплом бағдарламасы бойынша қазақстандық студенттерді оқытуды қоса алғанда, білім беру саласындағы әріптестіктің келешегін талқылады.

Сонымен қатар, сапардың негізгі мақсаттарының бірі ретінде мәдени дипломатияны ілгерілету болды. Атап айтқанда, Феникс қаласындағы Музыкалық аспаптар мұражайына барып, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мұражайға қазақ музыкалық аспаптарын сыйға тартып, концерт қойды. Мұражай әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан сирек кездесетін музыкалық аспаптарды жинайтын галереясымен танымал. Мұражай өкілдері жомарт ишарат үшін ризашылықтарын білдіріп, бұл оқиға мұражай тарихының бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар өнер мен музыканың мәдениеттер мен халықтарды қалай жақындастыра алатындығының дәлелі екенін атап өтті.

Сонымен бірге, қазақстандық әртістер жергілікті билік, бизнес, академия өкілдері, қазақстандық студенттер, сондай-ақ Аризона штатында тұратын диаспора қатысуымен өткен концерт өткізді.

Анықтама: Аризона Ұлттық ұланы 1993 жылы «Мемлекеттік серіктестік бағдарламасы» аясында Қазақстан Республикасымен серіктестік құрды. Бағдарлама қарым-қатынас орнатуға, үздік тәжірибелерді зерделеуге және әскери және азаматтық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған.