Қазақстан Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорымен бірлескен жобаларды талқылады

Қазақстан Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорымен бірлескен жобаларды талқылады

Вашингтон қ., 2023 жылғы 21 шілде – ү.ж. 18 – 21 шілде аралығында ҚР Ұлттық экономика министрі, Қазақстаннан Дүниежүзілік банктің басқарушысы Әлібек Қуантыров Вашингтонға жұмыс сапарымен барып, оның барысында Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық валюта қоры, АҚШ мемлекеттік органдары және Сауда палатасының басшылығымен кездесулер өткізді.

Өткен кездесулер екіжақты және көпжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын мазмұнды түрде талқылауға мүмкіндік берді.

Келіссөздерде Ә.Қуантыров Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың экономиканы одан әрі тұрақты дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси және экономикалық реформаларын жүзеге асыру барысы туралы хабардар етті. Қазақстандық министр ҚР Үкіметінің Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған баламалы сауда жолдарын дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді.

Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры Анна Бъердемен және Еуропа және Орталық Азия бойынша стратегия және операциялар жөніндегі директоры К.Санчес-Парамомен әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің арасындағы жемісті ынтымақтастықты, Қазақстанның серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесуге бағытталған кешенді жобалардың сәтті жүзеге асырылуын жоғары бағалады.

Өз тарапынан А.Бъерде Дүниежүзілік банктің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, «экологиялық таза» инфрақұрылымды құруға және қажетті қаржыландыруды, сондай-ақ консалтингтік қызметтерді ұсынуға мүдделі екенін білдірді.

Сондай-ақ, ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Лидің Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларға берген оң бағасын ерекше атап өткен жөн.

Қазақстан-Америка Іскерлік кеңесінің мүшелерімен өткен дөңгелек үстел аясында ҚР Ұлттық экономика министрі ҚР-дың іскерлік ахуалын жақсарту мақсатында елімізде жүргізіліп жатқан фискалдық саясат пен реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ Қазақстанмен инвестициялары жыл сайын дәстүрлі түрде өсіп келе жатқан АҚШ-тың көптеген ірі компанияларының жемісті ынтымақтастығын атап өтті.

2022 жылы АҚШ-тың Қазақстанға жалпы ТШИ ағыны 82%-ға өсіп, 5,1 млрд долларды құрады.

АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша сауда өкілінің көмекшісі Брендан Линчпен кездесу барысында оның Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия үкіметтері арасындағы Сауда және инвестиция жөніндегі негіздемелік келісім кеңесінің (TIFA) отырысына қатысуы, сондай-ақ TIFA механизмдерінің Жұмыс топтары аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту аясындағы сапарының нәтижелері талқыланды.