
Вашингтон, Колумбия округі, 6 мамыр, 2023 жыл – ҚР Вашингтондағы Елшілігі жыл сайынғы паспорт DC іс-шарасы аясында ашық есік күнін өткізіп, келген қонақтарға мәдени іс-шаралар мен дәстүрлі тағамдар мен сусындар ұсынды.
Бұл күні Елшілікке 3000-нан астам адам келіп, қазақтың тарихына, мәдениетіне және әдет-ғұрпына үлкен қызығушылық танытты. Жергілікті жұртшылық ұлттық билер мен әндерді тамашалап, домбырамен музыкалық шығармаларды орындап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Елшілік үйлену той алдында қалыңдықтың бетін ашу дәстүрін бейнелейтін беташар рәсімін көрсетті.
Оған қоса, Елшілік қазақ киімдерінің сан алуан түрін және көркін көрсету мақсатында ұлттық киімдердің сән көрсетілімін ұйымдастырды. Қонақтар киіз үй, қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдары, тағамдары мен әдебиеті ұсынылған павильондарды аралап, қазақстандық дипломаттардың ұлтымыздың тарихы, мәдениеті мен әдет-ғұрпы туралы таныстырылымын зейін қойып тыңдады.
Осы жылы Қазақстан Елшілігі Вашингтондағы 60-тан астам елшіліктердің бірі болып, келген қонақтарға есігін айқара ашты.
Passport DC - бұл Вашингтонның халықаралық дипломатиялық қоғамдастығын және әртүрлі мәдениетін көрсететін бір айға созылатын іс-шара, оның барысында басқа халықтар мен мәдениеттердің дәстүрлері ұлттық тағам, сән, өнер және музыка арқылы бейнеленеді.