
Астана, 2023 ж. 27 сәуір - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
Президент біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Оның айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.