АҚШ-та Республика күні салтанатты түрде атап өтілді

АҚШ-та Республика күні салтанатты түрде атап өтілді

Вашингтон қ, 2022 жылғы 28 қазан – Республика күніне орай ҚР АҚШ-тағы Елшілігі әртүрлі штаттарда тұратын отандастарымыз мен «Болашақ» бағдарламасының студенттері үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Арнайы шақырылған қонақтар ретінде әнші-композитор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әсел Нүркенова болды.

Музыкалық кеш Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны мен Республика күніне арналған бейнероликпен басталып, фортепиано мен қобызда авторлық және халық әндерін орындаған қазақстандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

ҚР Елшісі Ержан Ашықбаев өз сөзінде халықтың рухын көтеріп, бірлік пен ынтымақты нығайтуға арналған Республика күнін атап өтудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған реформалары мен бастамаларын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде Е.Ашықбаев Елшілік тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.

Қазақ диаспорасы атынан Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин сөз сөйлеп, Елшілікке Отанды сүю, ана тілі мен мәдени мұраны сақтау құндылықтарын насихаттауға бағытталған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Шара соңында кеш қонақтарына ұлттық тағамдар ұсынылды.