
Ү.ж. 21 қазанда көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуын мерекелеу аясында Елшілік Джордж Вашингтон Университеті жанындағы Абай орталығымен бірлесіп, классиктің шығармашылық мұрасын талқылауға арналған онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырды. .
Іс-шараның негізгі мақсаты жазушының тағылымын және ой-талғамдарын кеңінен дәріптеу арқылы қазақ халқының мәдениеті, рухани өресі мен ұлттық құндылықтарын насихаттау болатын.
Дөңгелек үстелге қатысқан Қазақстан мен АҚШ-тың академиялық қауымдастықтарының өкілдері М.Әуезовтің ғылыми-шығармашылық мұрасын талқылап, оның қазіргі әлемдегі өзектілігін атап өтті.
Іс-шараны аша отырып, ҚР Елшісі Ержан Ашықбаев М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің даму тарихына қосқан зор үлесін атап өтті, сондай-ақ шетелдік жас әдебиеттанушылар мен тыңдаушыларды жазушының шығармашылығын әрі қарай зерттеуге шақырды.
Талқылауға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, М.Әуезов мұражай-үйінің директоры Д.Қонаев, Анкара Хажы Байрам Вели Университетінің оқытушысы Г.Құрманғалиева-Ержиласун, Дж.Вашингтон Университетінің Славян тілдері, кинотану және халықаралық қатынастар бөлімінің профессоры П.Роллберг, әл-Фараби университетінің профессоры Қ.Мәдібаева, жазушы Н.Ақыш және филология ғылымдарының докторы А.Темірболат қатысқан болатын.
Пікір алмасудың модераторы ретінде Дж.Вашингтон университеті жанындағы Еуропалық, Ресейлік және Еуразиялық зерттеулер институтының (IERES) директоры М.Ларуэль болды.
Іс-шараның бейнежазбасы https://www.youtube.com/watch?v=KdCuU7bWVoo арқылы қолжетімді.