Қазақстан делегациясының Вашингтонға сапары

Қазақстан делегациясының Вашингтонға сапары

Ү.ж. 12-17 қазан аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов бастаған қазақстандық делегация Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры тобының жыл сайынғы күзгі сессияларына қатысу үшін Вашингтонға барды.

АҚШ Мемлекеттік департаменті, Қаржы министрлігі, Сауда палатасының ресми тұлғаларымен, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жетекшілерімен өткен кездесулер өзара әрекеттесудiң екіжақты және көпжақты мәселелерінің кең ауқымын мазмұнды түрде талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесулер барысында қатысушылар ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жолдауының негізгі ережелерімен және «Әділетті Қазақстанды» құру аясындағы ауқымды қайта құрулармен таныстырылды. Америкалық тарап Мемлекет басшысының реформаларына қолдау білдіріп, оларды жүзеге асыру елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ағымдағы халықаралық жағдайды ескере отырып, тараптар ынтымақтастықты тереңдету, тәжірибе алмасу, энергетикалық және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті А.Бьердемен әңгімелесу барысында өңірдегі елдермен салыстырғанда Қазақстан экономикасының жандануы белсендірек екені атап өтілді. Сондай-ақ ХВҚ басқарушы директоры К.Георгиеваның Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларға оң бағасын бергенін атап өту маңызды.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының күзгі отырыстары аясында Moody's, S&P, Fitch, JPMorgan Chase & Co. сияқты әлемдік ұйымдар мен рейтингтік агенттіктердің басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізіліп, оның барысында америкалық тарапқа болашақта Қазақстан экономикасы, монетарлық саясаты мен қаржы нарығының даму перспективалары туралы ақпарат жеткізілді.

Сондай-ақ қазақстандық делегация АҚШ Сауда палатасының мүшелерімен өткен дөңгелек үстелге қатысты, оның барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейту және әртараптандыру мүмкіндіктерін талқылады.