
ВАШИНГТОН, 2022 жылғы 29 маусым – Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының төрағасы Булат Сәрсембаевтың басшылығымен қазақстандық делегация Халықаралық діни бостандық жөніндегі 2-ші саммитке қатысты.
Саммит шеңберінде Булат Сәрсембав пен ҚР АҚДМ Дін істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әнуар Хатиев Оңтүстік және Орта Азия өңірлеріне арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.
Сессияда сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация діни бостандық пен конфессияаралық диалогты ілгерілетудің маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық туралы айтып берді.ҚР-дағы діни сенім бостандықтарын ілгерілету бойынша Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысы, сондай-ақ ҚР АҚДМ Дін істері комитеті мен «LYN Community» америкалық ҮЕҰ арасында жасалған меморандумды іс жүзінде іске асырудың оң үлгісі туралы ақпарат жеткізілді.
Сонымен қатар, Саммит алаңында Халықаралық діни бостандығы жөніндегі саммиттің тең-төрағасы Сэмуэль Браунбек, АҚШ-тың Халықаралық діни бостандығы жөніндегі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рашад Хуссейн, АҚШ Халықаралық діни бостандығы жөніндегі комиссияның төрағасы Нури Түркелмен кездесулер өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша діни бостандық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ екі ел арасындағы байланыстарды кеңейту жөніндегі жоспарлар белгіленді.