Вашингтонда Жаңа Қазақстанды құруға арналған реформалар талқыланды

Вашингтонда Жаңа Қазақстанды құруға арналған реформалар талқыланды

2022 жылғы 2 маусымда ҚР Елшілігінің бастамасымен АҚШ-тың жетекші ой-талқы орталықтарының бірі – Стратегиялық халықаралық зерттеулер орталығында Қазақстандағы ұлттық референдум мен саяси реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

«Chatham House» ережелеріне сәйкес ұйымдастырылған іс-шара аясында АҚШ Мемлекеттік департаменті, сарапшылық қоғамдастық, ҮЕҰ мен халықаралық институттардың өкілдерімен өткен пікір алмасу Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформалардың маңыздылығын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың күтілетін нәтижелерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік бердi.

Өзінің кіріспе сөзінде ҚР Елшісі Ержан Ашықбаев қатысушыларды ҚР Президентінің бастамасымен мемлекеттік басқару моделін түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

«Қазақстан заң  үстемдiгi мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берiп, түбегейлі өзгертулердi енгiзуге бел буды. Еліміздің табысты саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында демократиялық реформаларды одан әрі ынталандыру үшін Конституцияны жетiлдiру қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет болып табылады», - атап өтті қазақстандық дипломат.

Сарапшылар елдегі күн тәртібіндегі реформаларға оң баға беріп, оларды мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру және қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп атап, азаматтардың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған ұсынылып отырған бастаманы ерекше атап өтті.

Қатысушылар жоспарланған өзгерістердің өзектілігін айта отырып, референдумның сәтті өтуіне және Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасының кезең-кезеңімен жүзеге асатынына сенім білдірді.