Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастықты нығайтуда

Ү.ж. 18-22 сәуір аралығында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Т.Сүлейменов бастаған қазақстандық делегацияның Вашингтонға сапары өтті, бұл АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді.

Ақ үй, АҚШ Конгресі, Мемлекеттік департаменті, Сауда, қаржы министрліктері, Сауда палатасының лауазымды тұлғаларымен өткен кездесулер, сондай-ақ Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры тобының жыл сайынғы көктемгі сессияларына қатысу екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымды мәселелерін мазмұнды түрде талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесулер барысында америкалық тарап ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жолдауының негізгі қағидаларын және «Жаңа Қазақстанды» құру аясындағы ауқымды қайта құрулармен таныстырылды. Америкалық ресми өкілдер Мемлекет басшысының реформаларына толықтай қолдау білдіріп, оларды жүзеге асыру Қазақстанның саяси жаңғыруына ықпал ететінін атап өтті.

Қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, тараптар АҚШ-тың санкциялық шектеулері мен олардың Қазақстан экономикасына тигізуі ықтимал кесірі жөніндегі мәселелерін талқылады. Америкалық тарап түсіністік білдіріп, осы мәселеде барынша көмек көрсетуге, оның ішінде АҚШ санкциялық саясаттың ықтимал зардабын алдын алу үшін Қазақстанмен тұрақты диалогты жалғастыруға дайын екенін растады.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі отырыстары аясында аталған ұйымдар мен Moody's, Standard & Poor's, Fitch Ratings сияқты рейтингтік агенттіктердің басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту, әйелдердің экономикалық құқықтарын нығайту, сондай-ақ климаттың өзгеруі мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан инфляциялық таргеттеу саясатын ұстанатынын растады.

Center for Strategic and International Studies, Council on Foreign Relations, Brookings, RAND Corporation, New Lines Institute атты АҚШ-тың бірқатар беделді ой-талқы орталықтарының өкілдерімен халықаралық және аймақтық күн тәртібі мәселелерінің кең ауқымы бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Сондай-ақ қазақстандық делегация АҚШ-тың Сауда-өнеркәсіп палатасында өткен дөңгелек үстелге қатысып, оның барысында қазіргі дағдарыс  жағдайында Үкіметтің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатындағы дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қабылдау арқылы инвестициялық ахуалды жақсартуға ниетін білдірді.