
Ү.ж. 4-7 сәуір аралығында ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті (ААК) және ҚР Авиация әкімшілігінің делегациясы ААК Төрағасы Т.Ластаев басшылығымен Америка Құрама Штаттарына іс-сапармен барды.
Сапардың негізгі мақсаты ү.ж. 1 сәуірде күшіне енген екі ел арасындағы әуе қатынасы туралы келісім бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға қатысты америкалық тараппен келіссөздер жүргізу болды. АҚШ Көлік департаментінің, Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) және Көлік қауіпсіздігі басқармасының (TSA) өкілдерімен консультациялар өткізілді. Олар Қазақстанның тікелей рейстерді бастау үшін қажетті FAA IASA 1-санаттағы сертификатын алу жолдары, шарттары мен мүмкіндіктерін, сондай-ақ қазақстандық әуе компанияларының тиісті лицензияларды алу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады.
Вашингтонда өткен кездесулерде америкалық тарапқа қазақстандық авиацияның қауіпсіздік жағдайы туралы ақпарат берілген болды. Атап айтқанда, 2021 жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – ИКАО аудитінің сәтті жүргізілуі, нәтижесінде Қазақстан ұшу қауіпсіздігі деңгейін 84%-ға дейін арттырды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға жоғары. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Республикасы жетекші елдермен бір деңгейде, мысалы: Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84% және т.б.
Сонымен қатар сапар барысында делегация Вашингтон штатындағы ұшақтар шығаратын «Боинг Эверетт» зауытында болды. «Боинг» коммерциялық әуе кемелері жөніндегі президенті Стэнли Дильмен және ТМД елдері бойынша вице-президенті Монте Фрейзермен тікелей әуе рейстерін ашу аясында одан әрі ынтымақтастық перспективалары бойынша жемісті келіссөздер жүргізілді.
Сиэтлге іс-сапары аясында ҚР Елшісі Е.Ашықбаев «Amazon Inc.» және Amazon Web Services сияқты ірі компаниялардың өкілдерімен, Вашингтон университетінің оқытушылары мен студенттері және қазақ диаспорасымен кездесті.
Amazon басшылығы кең жолақты спутниктік интернетті енгізу бойынша Project Kuiper жобасын ұсынды, оған сәйкес қазақстандықтар бұл қызметтерді алғашқы елдердің қатарында пайдалана алатын болады.
Кездесуге қатысушылар Amazon.com сауда алаңының қазақстандық кәсіпкерлерге арналған қызметтерін кеңейту мүмкіндіктерін де қарастырды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында электронды коммерцияның дамуына қосымша серпін беретін «Fulfillment by Amazon» логистикалық қызметі талқыланды.
Сол күні қазақстандық дипломат Вашингтон университетінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі ережелері туралы дәріс оқыды.