
2021 жылғы 25-26 қазанда Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаевтың Калифорния штатына жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында Елші Е.Ашықбаев Калифорния штатының губернаторы Элени Куналакиспен, Chevron, StarX, Plug & Play, InDriver басшыларымен, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті, сонымен қатар Стэнфорд университетінiң The Freeman Spogli Institute for International Studies атты институты ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты.
Губернатор Э.Куналакиспен әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын, сондай-ақ экологиялық таза энергия өндіру саласындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, кең ауқымды мәселелерді талқылады.
«Шеврон» компаниясының өкілдерімен келіссөздер барысында мұнай-газ секторындағы энергия тиімділігін арттыру және парниктік газдар шығарындыларын азайту мәселелері талқыланды.
«Қазақстандық тарап «Шеврон» компаниясының төмен көміртекті технологияларды енгізу арқылы ұлттық экономиканы декарбонизациялау жобаларына белсенді қатысуына мүдделі», - деді Е.Ашықбаев.
Plug & Play компаниясымен әңгімелесу барысында қазақстандық тарап Қазақстандағы стартап экожүйесін дамытуға серпін берудің, сондай-ақ ірі компаниялардың қызметіне озық технологияларды тартудың маңыздылығын атап өтті.
Сапар аясында Елші Е.Ашықбаев Кремний алқабындағы жергілікті компанияларда жұмыс істейтін жас қазақстандықтармен де кездесті. Жас мамандар IT және электронды коммерция саласындағы өз қызметі мен бизнес жобалары туралы айтып берді.