
Вашингтон, 2021 жылдың 22 маусымы – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында АҚШ-та «Аманат» қазақ күйі антологиясының онлайн форматтағы таныстырылымы өтті. Іс-шараны Қазақстанның Вашингтондағы Елшілігі мен «Каспий саясаты орталығы» (Caspian Policy Center) бірлесіп ұйымдастырды.
Таныстырылымға «Сауап» қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, «Аманат» жобасының бiрлескен авторы Мүслім Хасенов, сондай-ақ Америкалық сыртқы саясат жөніндегі ұлттық комитеттің (National Committee on American Foreign Policy) Президенті және Бас атқарушы директоры Сьюзан М. Эллиотт модератор ретінде қатысты.
Іс-шараны аша отырып, Елші Ержан Ашықбаев қазақ мәдениеті мен ұлттық музыканың ерекшеліктері туралы, оның iшiнде домбыра мен қобыздағы күйлер, сондай-ақ «Аманат» жобасына енген түпнұсқалық 500 архивтік күйлер топтамасын қамтитын USB құрылғысы мен әр шығарманың сипаттамасы бар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітап туралы айтып өтті.
Б. Смағұл алғы сөзiнде «Аманат» жобасы аясында Қазақстан мен көрші елдердің түрлі архивтері мен қорларынан алынған бірегей музыкалық шығармалар жинақталып, цифрландырылғанын баяндады.
М. Хасенов бұл жобаның таныстырылымы алғашқы рет шетелде өтіп жатқанын және оның даналары Вашингтон, Нью-Йорк, Бостон және Сан-Францискодағы ірі кітапханаларына, соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасына тапсырылғанын атап өтті.
Онлайн-көрермендерге әр шығарманың қысқаша тарихы мен сипаттамасын заманауи музыканттардың домбыра, қобыз және сыбызғыда орындалған шығармаларының бейнежазбалары ұсынылды.