«Болашақ» бағдарламасы АҚШ-тың ғылыми орталықтарымен жоғары бағалануда

«Болашақ» бағдарламасы  АҚШ-тың ғылыми орталықтарымен жоғары бағалануда

ҚР АҚШ-тағы Елшісі Е.Ашықбаев Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Аға Вице-президенті (Center for Strategic and International Studies, CSIS) Д.Рундемен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында Е.Ашықбаев сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың одан әрі демократияландыру мен азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуге бағытталған үрдісі туралы хабардар етті. Сондай-ақ отандық «QazVac» вакцинасы және оны ДДҰ-ға тіркеу процесі туралы хабарлады. Коронавирус індетінің әлемдік экономиканың қалпына келуіне әсері туралы сындарлы пікір алмасу болды.

Өз кезегінде Д.Рунде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Болашақ» бағдарламасының бірегейлігін атап өтіп, қазіргі таңда бұл қазақстандық модель әлемдегі ең озық үлгілердің бірі екендігіне назар аударды. Алдағы Астана экономикалық форумына қатысуға ниет білдірді және Қазақстанмен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚР-АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастарға арналған бірлескен іс-шара өткізуге уағдаласты.