Варшава, 2024 жылғы 6 ақпан – Польша Республикасының Сеймінде (Парламенттің төменгі палатасы) Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаевтың Вице-спикер Дорота Недзелямен кездесуі өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси диалогтың негізі ретінде Қазақстан-Польша парламентаралық ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Келіссөздер барысында екіжақты әріптестіктің әртүрлі аспектілерінің белсенді дамыуы, соның ішінде Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, сұхбаттасушыға елімізде болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы ақпарат беріліп, аталған тұрғыда жаңа экономикалық саясаттың негізгі тезистері және Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың қаңтар айындағы мақаласында Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси басымдықтары мен стратегиялық бағыты туралы баяндалды.
Өз кезегінде Польша Сеймінің Вице-спикері Д.Недзеля Қазақстанның көпвекторлы және теңгерімді саясатын оң тұрғыда атап өтіп, елдің транзиттік-көліктік әлеуеті мәселелеріне, атап айтқанда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше қызығушылық білдірді. Поляк парламентшісі Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде біздің елдеріміздің ерекше аймақтық рөліне назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша поляк тарапы парламентаралық диалогты ұлғайтуға және Қазақстан мен Польша парламенттері басшыларының деңгейінде өзара сапарлар өткізуге қызығушылық білдірді.