
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық – қазақ-поляк қатынастарының маңызды бағыттарының бірі. Ол екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, тарихи жадты сақтауға, академиялық байланыстарды дамытуға және Қазақстан Республикасының мәдениетін Польшада кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін 2014 жылғы 15 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім құрайды. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына академиялық байланыстарды дамыту, жоғары оқу орындары, ғылыми және зерттеу ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды қолдау жатады.
Қазіргі уақытта Польшада Қазақстаннан барған екі мыңнан астам студент білім алуда.
Екіжақты гуманитарлық байланыстарды дамытуда 2022 жылғы 6 маусымда Белосток қаласында құрылған Қазақ-поляк тарихи комиссиясы маңызды рөл атқарады. Комиссияның қызметі бірлескен тарихи зерттеулерді дамытуға, ғылыми диалогты нығайтуға және ортақ тарихи жадты сақтауға бағытталған.
Комиссия отырыстары Қазақстан мен Польшаның ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың аясында екіжақты тарихи диалогтың өзекті мәселелері, бірлескен зерттеулердің перспективалары және екі елдің тарихи мұрасын зерделеу мәселелері талқыланады.
Академиялық және мәдени өзара іс-қимылдың маңызды орталығы – 2019 жылғы 23 мамырда Слупск қаласындағы Помор университетінің базасында құрылған Абай атындағы Қазақ мәдениеті мен ғылымы орталығы. Орталық Қазақстанның мәдени және әдеби мұрасын насихаттауға, ғылыми байланыстарды дамытуға және екі елдің академиялық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Помор университетінің базасында жыл сайын Қазақстан, Польша және басқа да елдердің зерттеушілері мен академиялық қауымдастық өкілдерін біріктіретін «Абай оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өткізіледі. 2026 жылғы 3–4 маусымда «Абай оқулары: Еуразиялық кеңістіктегі Қазақстан мәдениетінің тарихы мен болашағы» тақырыбына арналған VIII халықаралық Абай оқулары өтті. Конференция Қазақстанның әдеби, философиялық және мәдени мұрасын зерделеуге арналды.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігі поляк жұртшылығын Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және ұлттық дәстүрлерімен таныстыруға бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, олардың өткізілуіне қолдау көрсетеді.
2025 жылғы 7 маусымда Варшава қаласындағы Азия және Тынық мұхиты музейінде қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға арналған Қазақстан мәдениеті күні өтті.
2025 жылғы 23–24 қазанда Краков қаласындағы Ягеллон университетінің Халықаралық және саяси зерттеулер факультетінде «Бағытың қандай, Қазақстан? XXI ғасырдағы Қазақстан: сын-қатерлер, өзгерістер, перспективалар» атты халықаралық сараптамалық ғылыми конференция өтті. Конференция Қазақстан, Польша және басқа да елдердің зерттеушілерін біріктіріп, Қазақстанның тарихи, саяси және мәдени даму мәселелерін, сондай-ақ XXI ғасырдағы елдің алдында тұрған өзекті сын-қатерлер мен даму перспективаларын талқылауға арналды.
2026 жылғы 16 наурызда Варшава политехникалық университетінде Наурыз мерекесіне орай Қазақстан күні ұйымдастырылды. Іс-шараға студенттер мен академиялық қауымдастық өкілдерін қоса алғанда, 100-ден астам адам қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, дәстүрлерімен және қазіргі дамуымен танысты.
2026 жылғы 2 маусымда Варшава университетінде Түркі мәдениеттері орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық түркі халықтарының тарихын, тілдері мен мәдениеттерін зерделеуге, сондай-ақ академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге бағытталған.
Мәдени алмасудың маңызды бағыттарының бірі – қазақстандық кинематографияны насихаттау. Елшілік Қазақстанның тарихын және қазақ халқының көрнекті тұлғаларын поляк көрермендеріне таныстыру мақсатында қазақстандық көркем фильмдердің көрсетілімдерін ұйымдастырады.
2024 жылғы 5 маусымда Варшава қаласында поляк тіліндегі субтитрлермен «Ұлы даланың таңы» көркем фильмі көрсетілді. Фильм көрермендерді Қазақстанның тарихымен және мәдени мұрасымен таныстырып, елдің қалыптасу тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелейді.
2025 жылғы 10 желтоқсанда поляк көрермендеріне қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен жетістіктеріне арналған «Қажымұқан» фильмі ұсынылды.
Музыкалық ынтымақтастық мәдени байланыстарды дамытуда маңызды орын алады. Қазақстандық орындаушылар Польшада өтетін халықаралық фестивальдер мен концерттік жобаларға қатысып, қазақстандық музыкалық өнерді насихаттауға және мәдени алмасуды дамытуға үлес қосуда.
Қазақстандық әншілер көрнекті әнші Анна Германның шығармашылығына арналған Анна Герман атындағы халықаралық ән фестиваліне жыл сайын қатысады.
2026 жылғы 3 мамырда Астана қаласында фестиваль лауреаттары мен симфониялық оркестрдің қатысуымен Анна Германның шығармашылық мұрасына арналған «Махаббат жаңғырығы» («Эхо любви») атты концерт өтті.
2026 жылғы 4 қазанда Қазақстаннан келген орындаушылар Анна Герман атындағы XIII халықаралық ән фестиваліне қатысты. Фестивальдің қорытынды концерті Величка қаласында өтті.
Елшілік Польшадағы қазақ диаспорасымен байланыстарды нығайтуға, қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды дамытуға және екі ел халықтары арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды сақтауға да ерекше назар аударады.
2026 жылғы 16 мамырда Варшава қаласында поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына арналған еске алу іс-шарасы өтті.
2026 жылғы 23 қыркүйекте Польша Республикасының Парламентінде Қазақстан мен Польша арасындағы тарихи байланыстарға, ортақ тарихи жадты сақтауға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара поляк мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы арасында тарихи мұра және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасу алаңына айналды.