GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Елшілік туралы
Все материалы
16 октября 2026
Шетелде тұратын этникалық қазақ жастарына арналған «OQ Startup» халықаралық байқауы

«Отандастар қоры» шетелде тұратын этникалық қазақ жастарының бастамалары мен шығармашылық жобаларын қолдауға бағытталған «OQ Startup» халықаралық байқауының басталғанын хабарлайды.

Байқауға 15 пен 30 жас аралығындағы, шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын этникалық қазақ жастары қатыса алады. Ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттардағы жобалар қабылданады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады: бірінші орынға – ноутбук, екінші орынға – планшет, үшінші орынға – смарт-сағат табысталады.

Өтінімдер 2026 жылғы 30 қазанға дейін oqbaiqau@gmail.com электрондық поштасы арқылы қабылданады. Байқау жұмыстары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін.

Байқау және оған қатысу шарттары туралы толық ақпаратты «Отандастар қорының» ресми сайтынан алуға болады: https://oq.gov.kz.

01 сентября 2026
Елші Литваның Көлік және коммуникация министрінің орынбасарымен кездесті

2026 жылғы 31 тамыз, Вильнюс –   Елші Тимур Оразаев Литваның көлік және коммуникация министрінің орынбасары Лукас Пашкявичюспен кездесті.
Тараптар көлік және логистика саласындағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде халықаралық автомобиль тасымалының, рұқсат алмасудың және электрондық жүйеге көшу мүмкіндігінің перспективаларын, сондай-ақ жүк тасымалына қатысты нақты практикалық мәселелерді талқылады.

Халықаралық автомобиль тасымалына рұқсат беру жүйесін цифрландыруға және Қазақстанның бірқатар шетелдік серіктестермен (Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия) ынтымақтастық тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Тараптар көлік агенттіктерінің тиісті мамандары арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Елші екі тарапты Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі көлік бағыттарының бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) динамикалық дамуы, сондай-ақ елдің инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту туралы хабардар етті. Литвалық серіктестер Астанада өтетін TransLogistica Kazakhstan халықаралық көрмесіне мен New Silk Way халықаралық көлік және логистика бизнес форумға қатысу аясында Орта дәлізді дамытуға және ірі инвестициялық жобаларға белсендірек қатысуға шақырылды.

28 августа 2026
Вильнюсте Семей ядролық полигонының жабылуының 35 жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Вильнюс, 2026 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Елшілігі барша ниет білдірушілерді Вильнюстегі Адам Мицкевич атындағы кітапханада өтіп жатқан көрмені тамашалауға шақырады. Фотокөрме Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Көрмеге қойылған деректі фотосуреттер ядролық дәуір тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – Семей полигонының тарихы, онда жүргізілген сынақтардың ауқымы және олардың адамдар мен қоршаған ортаға тигізген ұзақ мерзімді зардаптары туралы баяндайды. Көрме кітапхана келушілері үшін бір апта бойы ашық болады.

29 тамыз Қазақстан үшін айрықша тарихи маңызға ие. Дәл осы күні, 1991 жылы, 1949 жылдан 1989 жылға дейін 456 ядролық сынақ жүргізілген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Он сегіз жылдан кейін, 2009 жылы, Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.

Семей полигонының жабылуы Қазақстанның дәйекті антиядролық бағытының бастауына айналды. Ел Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұраға қалған әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартып, кейінгі онжылдықтар бойы ядролық қарусыздануды, таратпауды және ядролық сынақтарды түпкілікті тоқтатуды дәйекті түрде жақтап келеді.

13 августа 2026
Вильнюсте Абай күні атап өтілді

Вильнюс, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігі Абай күнін мерекелеу аясында Вильнюстегі Адам Мицкевич атындағы қоғамдық кітапханада «Абай күні: ұлттық классикалық әдебиетін түркі мұрасының бір бөлігі ретінде таныстыру» атты Әзербайжан және Түркия елшіліктерінің қолдауымен әдеби-мәдени кездесу ұйымдастырды.

Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасын кеңінен таныстырып, оның шығармашылығындағы сопылық сарындар мен Шығыстың зияткерлік дәстүрлерінің ықпалына назар аударды. Баяндаманың өзегін ойшылдың адамгершілік тұрғыдан кемелдену, адамның еркіндігі мен жауапкершілігі, қайрат, ақыл және жүрек үйлесімі туралы идеялары құрады. Қазіргі адамзат ақпараттық және әлеуметтік өмірде түрлі сын-қатерлерге тап болып отырған жағдайда, дәл осы қасиеттердің маңызы ерекше екені атап өтілді. Сондай-ақ Абайдың қазақ жазба әдебиетінің дамуына және көркем аударма арқылы қазақ қоғамын әлемдік классикамен таныстыруға қосқан үлесі, оның қазақ мәдениеті мен дүниетанымында халықаралық ойлау көкжиегі мен ашықтықтың қалыптасуына ықпалы атап өтілді.

Кездесу бағдарламасында түркі әлемінің әдеби мұрасына да ерекше орын берілді. Әзербайжанның Литвадағы Елшісі Тамерлан Гараев әзербайжан поэзиясының түркі мәдени мұрасы мен әлем әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығын таныстырды. Доктор Акан Гюрбюз (Вильнюс университетінің оқытушысы), түрік әдебиетінің Орхон жазбаларынан қазіргі заманғы авторларға дейінгі негізгі даму кезеңдерін таныстырды.

Литва аудиториясын көркем аударма арқылы қазақ әдебиетімен таныстыру іс-шараның жеке тақырыбы болды. Вильнюс университетінің доценті Антанас Сметона қазақстандық жазушының «Мамлюк» романын литва тіліне аудару тәжірибесімен бөлісіп, туындыны литва тілінде жеткізудің ерекшеліктері мен қиындықтары туралы әңгімеледі.

Кездесудің А.Мицкевич атындағы кітапханада өтуінің ерекше мәні бар. Мұнда 2020 жылдан бері Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залы – «Абай коллекциясы» жұмыс істейді. Ол литвалық оқырмандарға қазақ ойшылының шығармаларымен және Қазақстан әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді.

Іс-шараға Литваның мемлекеттік және қоғамдық топтарының, дипломатиялық корпустың, академиялық қауымдастықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Абай күнін өткізу қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетелде кеңінен танытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етті.

07 августа 2026
Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттарын cайлау туралы ақпараттық хабарлама

ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!

2026 жылғы 23 тамыз (жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін) Вильнюс қаласы, Бирутес көшесі, 20А мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің жанындағы № 406 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді (толық ақпарат: www.election.gov.kz)

18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматының сайлауға қатысуға конституциялық құқығы бар. Бұл құқықты жүзеге асырудың кепілі - сайлаушылар тізімдерінде сіздің деректеріңіздің болуы.

Қазақстанның Литвадағы Елшілігінің жанындағы № 406 сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне Литваның аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын және Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорттары бар Қазақстан азаматтары енгізіледі.

 

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Литва аумағында орналасқан Қазақстан азаматы сайлаушылар тізіміне ену үшін «Құрылтай» деген белгісі бар өзінің деректерін (Т.А.Ә., туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы) алдын ала келесі электрондық поштасына: consulate.vilnius@mfa.kz  жіберуі қажет.

Сайлаушылар тізімінде тіркелгеніңізді тексеру үшін, сондай-ақ басқа да сұрақтар бойынша келесі байланыс телефондарға хабарласуға болады: (+370) 5212 2123, 5231 3070, 6203 0911 (77).

 

08 июля 2026
Қазақстан мен Литва екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады

Вильнюс, 2026 жылғы 7 шілде – Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев Литваның Сыртқы істер министрінің орынбасары Аудра Плепитемен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы алдағы саяси консультациялар раундын талқылады.

Қазақстандық дипломат литвалық тарапты 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі және 23 тамызға жоспарланған парламенттік сайлауы туралы хабардар етті. Конституциялық реформаның негізгі бағыттары таныстырылды. Қазақстанның Еуропалық одақпен ынтымақтастығының қазіргі кезеңіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Елші Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың ағымдағы жылдың маусым айында жасаған ресми сапарының, оның ішінде еуропалық бизнес өкілдерімен өткен кездесулердің қорытындылары туралы хабардар етті. Сондай-ақ Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық тұрғысынан Көлденең авиациялық келісімнің маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жалғастыру мәселелерін, оның ішінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы бастамаларын және екі ел өкілдерінің БҰҰ органдарына сайлануына қатысты мәселелерді талқылады.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ оған көлік-транзит саласындағы проблемалардың әсері қаралды. Қазақстан мен Литва арасындағы сындарлы саяси диалогты екі елдің бизнес қауымдастықтарының мүддесі үшін одан әрі дамытуға өзара мүдделілік расталды.

03 июня 2026
Елшінің Литва Сыртқы істер министрімен кездесуі туралы

Вильнюс, 2026 жылғы 2 маусым – Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев қабылдаушы елдің Сыртқы істер министрі Кястутис Будриспен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы күн тәртібінің негізгі мәселелерін, атап айтқанда саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Литва маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан азаматтары үшін визалық рәсімдерді жеңілдету мәселесі бойынша тараптардың ұстанымдарына назар аударылды.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстанның орнықты даму, халықаралық қауіпсіздік және көпжақты ынтымақтастық салаларындағы бастамалары жөнінде пікір алмасу өтті.

Тараптар Қазақстан-Литва әріптестігін одан әрі нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.

 

26 мая 2026
Қазақстан мен Литва инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

2026 жылғы 27 мамыр, Вильнюс – Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Оразаев Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының (LPK) басшылығымен және Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің литвалық бөлігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кеңес құрамына Литваның ірі көлік-логистикалық компаниялары да кіреді. Олардың қатарында «Girteka Group», «Autopaslauga», «MC Mobility Consultants», «Bunasta», «TL Nika Group», «Vilteda», «TM Trade LT» және басқа да компаниялардың өкілдері болды.

Кездесуге Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясының президенті Видмантас Янулявичюс пен Іскерлік кеңестің литвалық бөлігінің төрағасы Ромас Аустинскас қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективалары, көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелер, өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктері, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл әлеуеті талқыланды.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) қазіргі даму жағдайына және литвалық бизнестің Еуразиялық көлік байланыстылығы жүйесіне қатысуына ерекше назар аударды. Литва бизнесіне ТХКБ инфрақұрылымын жаңғырту, оның теңіз сегментін кеңейту және көлік рәсімдерін цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Кездесуге қатысушылар соңғы бес жылда ТХКБ арқылы жүк тасымалы көлемінің бес еседен астам өскенін атап өтті. Бұл бағыттың Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ халықаралық тасымалдардың практикалық мәселелері мен трансшекаралық сипаттағы түйткілдерді шешу жолдары талқыланды.

В. Янулявичюс литвалық бизнестің Қазақстандағы өнеркәсіптік өңдеу жобаларына, оның ішінде критикалық материалдар саласындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көлік тасымалы мен жүк транзиті саласындағы мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Р. Аустинскас литвалық бизнестің қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимылға деген тұрақты қызығушылығын растады. Кездесуге қатысқан литвалық компаниялардың өкілдері сондай-ақ жүк тасымалы динамикасын сақтау және көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында үкіметаралық деңгейде қосымша талқылауды талап ететін бірқатар мәселелерді көтерді.

Елшілік қатысушыларға Қазақстандағы өнеркәсіптік өңдеу саласындағы инвестициялық жобалар, оның ішінде критикалық материалдар мен сирек жер металдары бағытындағы жаңа жобалар жөнінде өзекті ақпарат ұсынды. Геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту және өндірістік қуаттарды нығайту жөніндегі мемлекеттік саясат түсіндірілді.

Сонымен қатар Қазақстандағы цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллекттің рөліне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд АҚШ долларынан асқанын ескере отырып, литвалық бизнеске «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы аясында бірлескен ынтымақтастық ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар талқыланған бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты жалғастыруға және пікірлер мен ақпарат алмасуды жүйелі түрде дамытуға өзара мүдделілік білдірді.

20 мая 2026
Вильнюсте ІІІ халықаралық балалар тоғызқұмалақ турнирі өтті

Вильнюс, 2026 жылғы 19–20 мамыр – Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің, Литва және Латвия тоғызқұмалақ федерацияларының, сондай-ақ Вильнюстегі «Сантарос» гимназиясының қолдауымен Литва астанасында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген дәстүрлі қазақтың зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен ІІІ халықаралық балалар турнирі өтті.

19 мамыр күні «Сантарос» гимназиясында латвиялық оқушылар шеберлік сабағын өткізіп, оның барысында литвалық оқушылар ойынның негізгі қағидаларымен және ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Негізгі турнир 20 мамыр күні Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігінде өтті.

Турнир 2024 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және қазақ халқының ұлттық зияткерлік мұрасын насихаттауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Балтық елдері арасындағы білім беру және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Жарысқа Литва мен Латвиядан 30 астам оқушы қатысып, жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын көрсетті.

Турнир жеңімпаздары мен қатысушылары Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Еуропалық кеңістікте тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтың жыл сайын артуы Қазақстан, Литва және Латвия арасындағы мәдени-гуманитарлық және жастар ынтымақтастығының айрықша белгісіне айналуда.

Елшілік Латвия тоғызқұмалақ федерациясының президенті Л. Азимоваға, Литва тоғызқұмалақ федерациясының президенті А. Жандариске, сондай-ақ «Сантарос» гимназиясының әкімшілігіне турнирді ұйымдастыруға және қазақтың зияткерлік ойынын Балтық елдерінде насихаттауға қосқан тұрақты үлесі үшін алғысын білдіреді.

17 апреля 2026
Елшінің Паневежис қ. мэрімен кездесуі туралы

Паневежис, 2026 жылғы 16 сәуір — Қазақстанның Литвадағы Елшісі Т. Оразаев Паневежис қаласының мэрі Лорета Масилёненемен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты және өңіраралық ынтымақтастықты талқылап, өңірлік деңгейде практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге тұрақты қызығушылық бар екенін атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және IT салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.

Сондай-ақ туризмді дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылды, бұл екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге ықпал етеді.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Twitter
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары