
Шилуте, 2025 жылғы 12 наурыз, – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Мацикай ауданындағы Интернационал әскери тұтқынға қазақстандық жауынгер Иғыбай Құнанбаевтың жерленген жеріне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді. Сарбазымыздың соңғы баспанасын табуға арналған іздестіру шараларға Елшіліктен басқа, қазақ диаспорасының өкілдері мен ҚР Клайпедадағы Құрметті консулы қатысты. Мұрағат деректеріне сәйкес, қазақ солдаты 1941 жылғы шілдеде тұтқынға алынып, 1942 жылғы шілдеде Литва жерінде қаза тапқан.
Іс-шараға қатысу үшін жауынгердің ұрпақтары – немерелері Талғат Құнанбаев және Дүйсенбай Зұлқашұлы Қазақстаннан Литваға арнайы келіп, туған жерден топырақ алып келді.
«Біздің атамыз Иғыбай Құнанбаев 1939 жылы Қызыл Армияға шақырылып, Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлікпен шайқасты. Ол 1942 жылы 27 жасында фашистік тұтқында осы жерде - Литваның Шилуте ауданы Мацикай ауылының жанында Шталаг Люфт 6 (Stalag Luft VI) концлагерінде қайтыс болды. Біздің отбасымыз атамыздың жерленген жерін тапқанымызға және оған бара алғанымызға өте қуанышты. Біз 4 мың шақырым жол жүріп, атамыздың қабіріне бір уыс туған қазақ жерін әкелдік, осы жерден Отанымызға бір уыс Литва жерін алып келеміз» – Т.Құнанбаев бөлісті.
2500 әскери тұтқын жатқан әскери зират, обелискі мен мемориалдық белгілері бар жеке мемориалдық кешен. Бұл бұрынғы тұтқын ұшқыштары STALAG LUFT VI концлагерінің аумағы.
«Қазақстанның Литвадағы Елшілігіне, Қазақстанның Клайпедадағы Құрметті консулы Бенедиктас Петраускас мырзаға және жергілікті қазақ диаспорасының төрағасы Айболат Сарыбаевқа осы жерге сапарымызды ұйымдастыруға көмектескендері үшін ерекше алғысымызды білдіреміз» - деді Т.Құнанбаев.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін іс-шараға қатысушылар Мацикай ауылындағы STALAG LUFT VI лагерінің әскери тұтқындар мемориалдық кешенінің мұражайына барды.