
Вильнюс, 2025 жылғы 31 қаңтар – М.Чобот атындағы «Үшінші буын университетінде» (MČTAU) қазақстандық жазушы Е.Тұрсыновтың «Мәмлүк» кітабының литва тілінде жарық көруіне орай Қазақстан тарихы бойынша дәріс өтті.
Іс-шарада Вильнюс университетінің профессоры А.Сметоне, тарих және құқық магистрі – лектор С.Даугирда, MČTAU тарих факультетінің деканы – профессор В.Книурайте, «Žara» баспа үйінің директоры Р.Жандариене сөз сөйледі.
Кітаптың аударма жұмысын жасаған А.Сметоне аудиторияға қиындықтар туралы айтты.
«Аударма тұрғысынан бұл жұмыс оңай емес болып шықты. Е.Тұрсыновтың тілінің бай, айшықтылығына қарамастан, романның өзі шын мәніндегі тарихи – көп қырлы, жан-жақты, көп мәдениетті болып шықты. Роман Қыпшақ даласы мен Таяу Шығыс өмірінен алынған жәдігерлерге, билеушілер мен жауынгерлер өмірінің шындығына ғана емес, Құранға, Библияға және мысырдың «Өлілер кітабына» қатысты көптеген тұспалдарға бай. Шығармада түркі көшпенділері, моңғолдар, арабтар және ежелгі Қытай мәдениеті арасындағы байланыстар кеңінен қамтылған. Мен бұл күрделі романды литва тіліне аудара алдым деп үмітімді білдіремін», - деді профессор.
Өз кезегінде Р.Жандариене Қазақстан Елшілігімен қазақ әдебиеті кітаптарын, оның ішінде М.Әуезовтің «Абай жолы», Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», Е.Тұрсыновтың «Мәмлүк», қазақ ертегілерінің жинағы, сондай-ақ «Қазақстан тарихы» оқулығын шығару бойынша ұзақ мерзімді бірлескен жұмысты атап өтті.
Литваның Қазақстандағы бұрынғы консулы В.Брунейко жиналғандармен еліміздің серпінді өмірінен алған әсерімен бөлісіп, екі елдің бизнесмендері үшін мүмкіндіктер туралы, сондай-ақ Орталық Азия республикасының әсем табиғаты туралы айтты.
Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшісі Т.Оразаев Қазақстан-Литва қарым-қатынасының ажырамас бөлігі болып табылатын мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы жөнінде сөз қозғады. Ол Литвадағы қазақ диаспорасы мен Қазақстандағы литвалық диаспораның елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы бірегей тәжірибесіне, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің рөліне ерекше назар аударылды.
Тарихи жадты сақтау тұрғысында дипломат Қазақстан билігінің Литва геноцид және репрессия орталығы мен «Сібір Миссиясы» экспедициясының репрессияға ұшыраған литвалықтардың естелігін сақтау жөніндегі қызметіне көрсеткен көмегін атап өтті.
Т.Оразаев еліміздің туристік әлеуетіне ерекше назар бөлді, сондай-ақ «Kazakhstan Born Bold» атты бастама туралы ақпарат берді.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлес үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдірді.