ҚР Көлік министрі бастаған қазақстандық делегация Литвада болды

ҚР Көлік министрі бастаған қазақстандық  делегация Литвада болды

Вильнюс, 2024 жылғы 17 мамыр –ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Вильнюс қаласына сапары барысында литвалық әріптесі Мариус Скуодиспен екі ел арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың, оның ішінде Транскаспий бағыты арқылы, қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Келіссөздер соңында министрлер Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Сол күні көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва жұмыс тобының 4-ші отырысы өтіп, онда теңіз, теміржол және автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.

Қазақстандық делегация Қазақстан-Литва Іскерлік кеңесінің көмегімен және Қазақстанның Литвадағы құрметті консулдарының қолдауымен ҚР Елшілігі ұйымдастырған бизнес-форумға қатысты. Іс-шара аясында екі елдің көлік ведомстволары басшылығының сөз сөйлеп, Ақтау, Құрық және Клайпеда теңіз порттарының әлеуетін таныстырудан басқа, кәсіпкерлердің B2B форматындағы кездесулері өтті.

М.Қарабаев ACMI қызметтерін ұсынатын әлемдегі ең ірі компания - «Avia Solutions Group» (әуе кемелерін экипажбен жалға алу, техникалық қызмет көрсету және сақтандыру қызметтерді көрсететін және 220-дан астам әуе кемесі бар компания) кеңсесінде болды. Министр «Avia Solutions Group»  құрамына кіретін «BAA Training» оқу орталығында тағылымдамадан өтіп жатқан ҚР Азаматтық авиация академиясының бір топ қазақстандық студенттерімен кездесті. Сонымен қатар, Азаматтық авиация академиясын Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) стандарттары бойынша сертификаттауға дайындаудың келесі қадамдары және елімізде әлемдік деңгейдегі авиациялық оқу орталығын ашу мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстандық делегация тәжірибе алмасу мақсатында 10 мыңнан астам жүк көлігі мен 23 мың қызметкерден тұратын жеке паркін басқаратын Еуропадағы ең ірі көлік-логистикалық «Girteka» компаниясының кеңсесінде болды.