Литвада Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды арттыру мәселелері талқыланды

Литвада Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды арттыру мәселелері талқыланды

Вильнюс, 2024 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Елшілігінде ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың, ЛР Көлік және коммуникация вице-министрі Юлиус Скачкаускастың, сондай-ақ Литва Өнеркәсіпшілер конфедерациясының, Ақтау, Құрық және Клайпеда теңіз порттарының басшылары мен екі елдің ірі теміржол және автомобиль тасымалдаушылары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Литва бизнес-форумы өтті.

Іс-шараны ашқан Елші Тимур Оразаев Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту еліміздің үкіметі соңғы жылдары жүргізіп жатқан ауқымды экономикалық реформалардың құрамдас бөлігі екеніне назар аударды. Ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін шараның маңыздылығын атап өтті.

М.Қарабаев Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша, оның ішінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, соның арқасында ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша бұл бағыттағы жүк тасымалдау көлемі 15%-ға өсткенін айтты. Құрық порты арқылы жүк тасымалдау көрсеткіші 34%-ға, Ақтау портындағы контейнерлер 27%-ға өсті. Биыл Құрық портында кемелердің кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазақстандық министр литвалық инвесторларды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.

Ю.Скачкаускас Литваның ТХКБ арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыруға мүдделі екенін білдірді. Ол өткен жылы Литваның «LTG Cargo» ұлттық теміржол компаниясының ТХКБ халықаралық қауымдастығына кіруі Қазақстан мен Литва арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Қазақстанның Литвадағы құрметті консулдарының көмегімен ұйымдастырылған іс-шарада Ақтау, Құрық және Клайпеда теңіз порттарының мүмкіндіктері де таныстырылды. Ресми бөлімнен кейін бизнес-форум қазақстандық және литвалық кәсіпорындар арасындағы «B2B» келіссөздері форматында жалғасты.

Сол күні Қазақстан мен Литваның көлік министрліктерінің басшылары Марат Қарабаев пен Мариус Скуодис көліктік байланыстар мен тасымалдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған «Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға» қол қойды.