
Вильнюс, 2024 жылғы 30 сәуір – ҚР Елшісі Тимур Оразаев Литва Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Юлиус Скачкаускаспен кездесуінде екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.
Тараптар ағымдағы жылға арналған бірлескен іс-шаралардың, соның ішінде көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва жұмыс тобының отырыстарының кестесі мен күн тәртібін қарастырды. Бұған қоса көлік-логистика саласындағы екіжақты құжаттар жобаларын келісу барысы және оларға қол қою мерзімдері қаралды.
Елші Қазақстан Үкіметі көлік инфрақұрылымын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Ю.Скачкаускас Литваның ТХКБ арқылы жүк тасымалдау көлемін арттыруға мүдделігін білдірді. Ол өткен жылы Литваның «LTG Cargo» ұлттық теміржол компаниясының «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» халықаралық қауымдастығына кіруі Қазақстан мен Литва арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.