2024 жылғы 14 наурызда Қазақстан Елшілігінде Литваға тағылымдамадан өтуге келген ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары - орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, «НұрСәуле» қоғамы қазақ диаспорасының өкілдерімен және студенттермен бірлесіп «Көрісу күні – Амал мерекесін» атап өтті.
Қазақстаннан келген қонақтар Литвадағы жерлестер мен қандастарымызды әнмен қарсы алып, туған жердегі жаңалықтармен бөлісті. Қазақ дәстүрі бойынша жиынға қатысушылар бір-бірін көктемнің келуімен құттықтап, сый-сияпат жасап, бауырсақтан дәм татты. Литвалық отбасыларда дала музыкасы естілуі үшін Литва қазақтарына арнайы туған жерден әкелінген домбыра сыйға тартылды.
Елші Тимур Оразаев қазақ халқының бірлігін танытатын қасиетті мәнге ие Наурыз мейрамы қарсаңында «Көрісу күні – Амал мерекесінің» тойлану тарихына тоқталды.
Диаспора қазақтары Қазақстаннан келген қонақтарға Литвадағы қазақ мәдениетін ілгерілету мақсатында Елшілікпен бірлескен жобалар туралы айтып, күнделікті өмірдегі жаңалықтармен және болашаққа жоспарларымен бөлісті.
МБА магистранттары сыйға тартқан домбыра Литва ұлттық қауымдастықтар үйіндегі Әбу Насыр әл-Фараби (көне түркі философы және ойшыл) орталығының көрмесінен өз орнын табады.
P.s. Кездесу туралы фото және видеорепортажды ҚР-дың Литвадағы Елшілігінің Facebook және Instagram парақшаларынан қараңыз.