Қазақстан Елшісі Литва Ішкі істер вице-министрімен кездесті

Қазақстан Елшісі Литва Ішкі істер вице-министрімен кездесті

2024 жылғы 6 ақпан, Вильнюс - Қазақстанның Елшісі Тимур Оразаев Литва Ішкі істер вице-министрі Арнольдас Абрамавичуспен кездесті.

Кездесу барысында екі елдің құзырлы органдары арасындағы құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Вице-министр Қазақстан Литва мен Еуропалық Одақ үшін ынтымақтастықтың көптеген салаларында, соның ішінде құқық қорғау және елде болатын шетелдік азаматтарға қатысты ережелер бойынша маңызды серіктес болып табылатынын атап өтті. Литва билігі конструктивті диалог арқылы одан әрі ынтымақтастықтың келешегін оң бағалайды. Бұған қалыптасқан құқықтық база ықпал етуде – қазіргі уақытта елдер арасында құқықтық салада 6 негізгі келісім бар.

Екі тарап ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа, ақшаны жылыстатуға қарсы күрес, қылмыстық қудалау және шетелде жасырынған адамдарды экстрадициялау, заңсыз тәркіленген активтерді Қазақстан Республикасына қайтару мәселелері бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екендіктерін растады. Тараптар құқықтық көмек көрсетуге халықаралық тапсырыстарды қарауға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесуді жалғастыруға келісті.

Литва тарапы қызығушылық танытқан салаларда құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша тәжірибе алмасуда қазақстандық әріптестерімен консультациялар өткізуге дайын екенін растайды.

Қазақстандық дипломат литвалық тарапқа Қазақстанның Еуропалық Одақ аясында визалық талаптарды жеңілдету туралы ұсынысын үздіксіз қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Литва тарапы елге жұмыс істеу үшін келетін Қазақстан азаматтарының санының артқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Литвадағы қазақстандықтардың – еңбек мигранттарының да, жоғары оқу орындарында оқитын бакалавриат пен магистранттардың да құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар түсіндірілді.