Литва Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауын ұлғайтуды жақтайды

Литва Транскаспий бағыты бойынша жүк  тасымалдауын ұлғайтуды жақтайды

Вильнюс, 2024 жылғы 23 қаңтар – ҚР Елшісі Тимур Оразаев Литва Көлік және коммуникация министрі Мариус Скуодиспен екі ел арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Әңгімелесушілер ағымдағы жылғы бірлескен іс-шаралардың кестесі мен күн тәртібін, оның ішінде Халықаралық тасымалдаулар жөніндегі Аралас комиссия мен Автомобиль көлігі бойынша жұмыс тобының отырыстарын қарастырды. Сондай-ақ екі ел делегацияларының ү.ж. 29-30 қаңтарда Брюссельде өтетін «ЕО мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланысын дамыту жөніндегі инвесторлар форумына» қатысуы талқыланды.

Елші Қазақстан үкіметінің көлік инфрақұрылымын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.

М.Скуодис Литва ТХКБ  арқылы жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүдделі екенін айтты, өйткені бұл солтүстік бағыт бойынша жүктерді жеткізумен салыстырғанда экономикалық жағынан тиімді және жылдамырақ. Оның айтуынша, Транскаспий бағытын «Орта дәлізбен», «Үш теңіз бастамасымен» және басқа да еуропалық логистикалық бағыттармен байланыстыру мәселесі Литваның қазіргі ЭЫДҰ Халықаралық көлік форумына төрағалығының күн тәртібінде.

Министр Қазақстаннан Литваға тікелей әуе рейстерін ашуға қызығушылық танытты, бұл туристердің мүдделеріне және екі ел арасындағы іскерлік байланыстарға жауап береді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылға автомобиль тасымалдарына рұқсат бланкілерін өзара алмасу мәселелері, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы екіжақты құжаттар жобаларын келісу барысы және оларға қол қою мерзімдері қарастырылды.