Қазақстан Елшісінің Миколас Ромерис университет ректорымен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісінің Миколас Ромерис университет ректорымен кездесуі туралы

2023 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстанның Литвадағы Елшісі Тимур Уразаев Миколас Ромерис университетіне барды.

МРУ ректоры, профессор, ғылым докторы Инга Жалениенемен кездесу барысында университет пен Қазақстандағы серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары, сондай-ақ екі ел арасындағы әртүрлі ғылыми салалардағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды. Литвалық және қазақстандық зерттеушілер мен практиктердің киберқауіпсіздік және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық танытып, екі елдің университеттері арасында тәжірибе мен білім алмасудың маңыздылығы аталып өтілді.

Қазіргі уақытта университетте бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша Қазақстанның 17 азаматы білім алуда, қазақстандық серіктестерден 14 студент білім беру ұтқырлығы бойынша келді (оның 3-еуі қысқа мерзімді оқу үшін Литва мемлекеттік стипендиясын алады). Өткен оқу жылында «Мемлекеттік басқару және бизнес» факультетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірнеше магистранттар тобы қарқынды оқу және ғылыми тәжірибелік курстарды аяқтады.

МРУ Қазақстандағы серіктестермен қос диплом бағдарламасы бойынша мамандарды даярлау саласында ынтымақтасуда. Атап айтқанда, 2020 жылы Алматыдағы «Нархоз» университетімен еуропалық және халықаралық коммерциялық құқық саласындағы магистрлік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, ал 2022 жылы аталған  университетімен заң және жаһандық қауіпсіздік саласындағы бакалавриат бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ 2022 жылы Ш.Уәлиханов атындағы университетпен «Аударма және редакциялау» бағдарламасы бойынша қос бакалавр дәрежесін алу туралы келісім жасалды.

Қазақстанмен ынтымақтастық 2007 жылы МРУ-ның еліміздегі бірінші серіктесі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен келісімге қол қоюмен жандана түсті. Қазіргі уақытта МРУ-де біздің елдің 16 серіктес бар. Екіжақты келісімдер аясында студенттер мен оқытушылармен алмасу жүзеге асырылуда, ғылыми қызметі мен жобалары, оқу бағдарламалары, профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру, білім беру бағдарламаларының сапасын сыртқы бағалау және аккредиттеу саласында ынтымақтастық жүзеге асырылуда.

7,5 мың студенті бар Миколас Ромерис университеті Литвадағы құқық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.