Литва бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен және журналистерімен кездесу

Литва бұқаралық ақпарат құралдарының  бас редакторларымен және журналистерімен кездесу

Елші Тимур Уразаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Литва бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен және журналистерімен кездесу өткізіп, кездесу барысында Қазақстан-Литва қарым-қатынасының қазіргі дамуы, Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту үдерістері, сондай-ақ қазіргі халықаралық мәселелер бойынша еліміздің ұстанымы туралы бөлісті.

Кездесуге қатысушылардың үлкен қызығушылығын ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Парламенттік сайлаудан кейін жаңартылған Парламент Мәжілісінің жұмысы және Қазақстанның заң шығарушы органында қолданылатын тежемелік және тепе-теңдік жүйесі тудырды.

Елші Парламентке кіретін партиялар мен фракциялар, тиісті комитеттердің жұмысы, сондай-ақ Мәжіліс пен Литва Сейміндегі «Қазақстан-Литва» парламентаралық достық топтарының ынтымақтастығы туралы айтты.

Журналистерді Қазақстанда шетел инвестицияларын тарту бойынша қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» жаңа Жарлығында көзделген шаралар қызықтырды.

Т.Уразаев енгізілген жаңашылдықтардың қатарында Үкімет жанындағы Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңесті күшейту, сондай-ақ оның өкілеттіктерін кеңейту бар екенін атап өтті. Осының барлығы Қазақстан халқына қыркүйектегі Жолдауында қойылған мақсатқа қол жеткізуге бағытталған: жаңа экономикалық модельге көшу және 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есеге ұлғайту, яғни 450 млрд долларға жеткізу.

Екіжақты қарым-қатынастардың маңызды бөлігі болып табылатын сауда-экономикалық, мәдениет, білім және туризм салаларындағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығының ағымдағы жағдайына баға берілді.

Кездесу қатысушыларына Мемлекет басшысының Дубайда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP-28) қатысуы, Қазақстанның «жасыл» бастамалар саласындағы жетістіктері мен жоспарлары, сондай-ақ саммит аясында қол қойылған келісімдер туралы материалдар ұсынылды.

Журналистерге түрлі салалардағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығын тиімді дамыту үшін қажетті Қазақстандағы маңызды оқиғаларға объективті және бейтарап баға бергені үшін алғыс айтылды.