
Каунас, 2023 жылғы 5 шілде – Каунас қаласының ірі іскерлік орталығында орналасқан Қазақстанның Құрметті консулдығында Астананың 25 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
Ашылу рәсіміне муниципалитет өкілдері, іскерлік және ғылыми топ өкілдері, мәдениет қайраткерлері, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер қатысты.
Елшілік кеңесшісі Б.Мамлин ұлықтау сөзінде Астана қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, Қазақстанның қалыптасқан әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық және саяси орталығы екенін атап өтті. Қазақстан елорданының Орталық Азия өңірінің көшбасшысы ретіндегі геосаяси ықпалының артып келе жатқанын ағымдағы жылдың маусым айында Астана халықаралық форумының сәтті өтуі дәлелдейді.
Шара қонақтары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси салалардағы және халықаралық аренадағы жетістіктерін атап өтті. Олардың пікірінше, Астана - тәуелсіз мемлекеттің табысы мен гүлденуін, қазақ халқының бірлікке, бүкіл әлемге ашық болуға ұмтылуын білдіреді.
Каунас - Литваның бұрынғы астанасы және екінші үлкен қаласы, елдің ірі өнеркәсіптік, мәдени және білім беру орталығы.