
Елші Тимур Оразаев ірі өнеркәсіптік, мәдени және білім беру орталығына, Литваның екінші үлкен қаласы – Каунасқа барды.
Қала мэрі Висвальдас Матиёшаитиспен кездесуде ол Қазақстан-Литва өңіраралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Каунас пен қазақстандық бизнес арасында сауда байланыстарының бар екенін айта отырып, ол көлік-логистика секторындағы өзгерістерге байланысты жаңа бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде «Қорғас» ШЫХО» және АХҚО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Өзара іс-қимылдың басқа да нысандары аясында екі елдің ірі қалалары – Шымкент пен Каунас арасында бауырлас қала байланыстарын орнату, өңірлік қалаларының инфрақұрылымын басқару және дамыту бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Елші Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы, біздің еліміз арқылы өтетін көліктік-логистикалық бағыттарды, соның ішінде Ляньюньган қаласындағы (ҚХР) қазақстандық терминалынан бастау алатын Транскаспий бағыты бойынша ЕО-ның «Global Gate» бастамасының бөлігі ретінде еуропалық нарықтарға шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Каунастың темір жол жүктерін еуропалық теміржол бағыттарына ауыстырып тиеу пункті ретіндегі мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Сапар барысында Литвадағы екінші үлкен Ұлы Витаутас университетінің ректоры Юозас Августиспен кездесу өтті. Елші басым бағыт ретінде Қазақстанда ірі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды атап өтіп, олардың кейбірінің жұмысына тоқталды. Литвадағы сапалы білім біздің студенттер арасында сұранысқа ие екенін ескере отырып (олардың 239-ы Литвада оқиды), Қазақстанда Литва университетінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Ректор өз жағынан Қазақстанның 24 жоғары оқу орнымен, оның ішінде Erasmus+ студент алмасу бағдарламасы аясында да, белсенді ынтымақтастықта екенін, олармен тиісті меморандумдарға қол қойылғаны туралы айтты. Ю.Августис қазақстандық студенттердің, соның ішінде 59 бакалавр және 4 магистр, оқу және өмір сүру жағдайлары туралы да айтты. Ол iQanat бағдарламасына қосымша шәкіртақы бөлінген жағдайда, мектептегі білім беру аясында жақсы дайындалған біздің талапкерлерді көбірек қабылдауға дайындығын білдірді.
Сонымен қатар, «Imlitex Holdings» көпсалалы компаниясының басқарма төрағасы Вигандас Бландиспен келіссөздер жүргізіліп, тұрақты логистиканы қамтамасыз ету тұрғысынан Қазақстаннан дәнді дақылдар, тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін импорттау мәселелері талқыланды.
Келіссөздерді ұйымдастыруға Қазақстанның Каунас пен Шауляйдағы Құрметті консулы, жергілікті заң кеңсесін басқаратын Альбертас Милинис үлкен көмек көрсетті.