Қазақстандық бизнес делегациясы Литвада болды

Қазақстандық бизнес делегациясы Литвада болды

Ү.ж. 14-16 маусым аралығында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Kazlogistics» қауымдастығы, Қазақстанның көлік компаниялары мен экспорттаушылары өкілдерінен құралған делегация Литваның бірнеше қаласында болды.

Делегация Литваның негізгі көліктік-логистикалық хабы – Клайпеда теңіз портының инфрақұрылымымен танысып, оның басшылығымен және стивидорлық компаниялардың өкілдерімен Қазақстаннан жүк тасымалдау көлемін сақтау және арттыру мәселелерін талқылады. Каунас интермодальдық терминалын аралау барысында қазақстандықтар Балтық жағалауы елдері мен Польшаны Батыс Еуропамен байланыстыратын салынып жатқан «Rail Baltica» теміржол жобасымен танысты.

Вильнюс қаласында тұңғыш рет Орталық Азияның барлық елдері – Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген көлік компаниялары мен экспорттаушылардың қатысуымен бизнес-форум өтті. 100-ден астам адам қатысқан форумның тақырыбы - «Орталық Азия мен Литва арасындағы жаңа сауда мүмкіндіктері» болды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ыдырысов іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның көлік-логистика секторының мүмкіндіктерімен, автомобиль және теміржол, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бағытында инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды.  

B2B форматындағы кездесулер барысында еліміздің көлік компаниялары мен экспорттаушылар Литваның әлеуетті серіктестермен және сатып алушылармен байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Іс-шара аясында көліктік, логистикалық ұйымдар мен қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оған «Kazlogistics» Қазақстан көлік қызметкерлері одағы қатысты. Құжаттың негізгі мақсаты - ұзақ мерзімді негізде көлік пен инфрақұрылымды дамытуға, ТИТР логистикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ көлік қызметіне цифрлық технологиялар мен интеллектуалды жүйелер саласындағы озық тәжірибені енгізуге ықпал ету болып табылады.