
Елші Т.Оразаев Клайпеда теңіз порты басқармасының Бас директоры Алгис Латакаспен кездесуде Қазақстаннан жүк тасымалы көлемін сақтау мен арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Белгілі болғандай, Қазақстан Үкіметі еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық береді. Бұл тұрғыда 1 маусымнан бастап «LTG Cargo» ұлттық литвалық теміржол компаниясының «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» Халықаралық қауымдастығына кіруі оң бағаланды. Бұл соғыс қимылдарының жалғасуы және трансеуразиялық маршруттардағы санкциялық кедергілер салдарынан өңірдегі көлік-логистикалық проблемалармен байланысты жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстаннан Литваға және кері қарай жүк ағындарын әртараптандыру үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады. Тараптар Клайпеда порты арқылы екі ел арасындағы жүк ағынының азаюына алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар, қазақстандық көлік компаниялары мен экспорттаушылар өкілдерінің қатысуымен бизнес-делегацияның Клайпедаға сапары қарсаңында ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
А.Латакас 2022 жылы порттың жалпы қуаты 70 млн тонна құрайтын 36 млн тоннадан астам жүк өңделгенін айтты. Бұл ретте өткен жылы портта өңделген қазақстандық жүктердің көлемі екі есеге артып, 200 мың тоннадан астам құрады. Қазақстан жүктерінің негізгі бөлігін ферроқорытпалар мен тыңайтқыштар құрады.
Балтық аймағындағы ең ірі стевидорлық компаниялардың бірі «BEGA» басшылығымен бөлек кездесу өтті. Елші Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, еліміздің арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы айтты. Қазақстанға баратын алдағы іскерлік миссияларға қатысуға шақырды.
«BEGA» басқарма төрағасы Алоизас Кузмарских Елшіні тәулігіне 12 000 тоннаға дейін жүктің кез келген түрін қабылдай алатын компанияның ең заманауи терминалдарының жұмысымен таныстырды. Порт компаниялары Қазақстаннан жүк тасымалдау көлемін сақтауға және ұлғайтуға жоғары қызығушылық танытып отыр.
Клайпеда порты Балтық теңізіндегі төрт ірі порттың бірі және Литвадағы негізгі көлік-логистикалық хаб болып табылады. Порт қызметімен 800-ден астам шаруашылық субъектілері байланысты, олар 58 мыңнан астам жұмыс орнын жасақтап, Литваның ЖІӨ-нің шамамен 7%-ын құрады (портпен байланысты барлық кәсіпорындардың қызметін есепке алғанда – шамамен 18%).
«BEGA» – 1992 жылы құрылған Клайпеда портындағы алғашқы жеке стевидорлық компания. Қазіргі уақытта бұл Клайпеда портындағы ең заманауи стевидорлық компаниялардың бірі. Компания терминалдарының жалпы қуаттылығы: жылына 8-10 млн тонна.