
Вильнюс, 2022 жылғы 1 желтоқсан - ҚР Елшісі Виктор Темірбаев "Отандастар қоры" атынан қазақ халқының ағартушысы және қоғам қайраткері - Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқауда III орын алған қазақстандық Али Қажымұратқа диплом және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Байқауға шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері арасынан мектеп оқушылары қатысты. Байқау шарты А.Байтұрсынұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы бейнежазба жазып, оның кез-келген шығармасынан үзінді оқу болып табылды.
Али Қажымұрат Вильнюс халықаралық мектебінде 1-сыныпта оқиды. Оның ата-анасы – Асқар Құдайбергенов және Камила Алшинбаева «Болашақ» бағдарламасы бойынша Вильнюс университетінің докторантурасында білім алуда.
Қазақстан Елшілігі Литвада қазақ мәдениетін дәріптейтін іс-шараларды өткізуге аса көңіл бөледі. 2020 жылы литвалық Ұлттық қауымдар үйінде ашылған Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы орталығы және А.Мицкевич атындағы Вильнюс округінің қоғамдық кітапханасы ғимаратындағы Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залы біздің халқымыздың мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттауға ерекше үлес қосады. Оқу залының қоры қазақстандық және литва тіліне аударылған кітаптармен үнемі толықтырылып отырады.