
Вильнюс, 2022 жылғы 25 қараша – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Литваның жетекші БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, оның барысында кезектен тыс президенттік сайлау нәтижелері және Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылуы туралы хабарлады.
Қазақстандық дипломат еліміздегі саяси және экономикалық өзгерістерге ұйытқы болған ағымдағы жылғы оқиғалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Журналистер назарына еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалар хронологиясы, атап айтқанда ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумның өткізілуі, Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған бастамалары, сондай-ақ мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік берген және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтетін алты маңызды заңның қабылдануы ұсынылды.
В.Темірбаевтың пікірінше, маусымдағы референдумнан кейін жаңа мандат алу және реформалар қарқынын сақтау үшін қажетті кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу жедел және терең трансформацияның қисынды жалғасы болды.
Литвадан келген байқаушылар тобының мүшесі, Сейм Экономикалық комитетінің төрағасы Казис Старкевичюс дауыс беру барысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, ол халықаралық стандарттарға сәйкес, ашық және еркін сайлау қағидаттарына сай өтті. Литвалық депутат Қазақстандағы дауыс беруді дайындау мен өткізу процесінің өзі бірнеше рет байқаушы ретінде қатысқан Еуропа елдеріндегі сайлаумен ұқсастығын атап өтті.
«Lithuanian Tribune» газетінің бас редакторы Русланас Иржикявичус қазақстандық жас ұрпақтың дауыс беруге белсенді қатысқандығына назар аударды. Оның ойынша, ел басшылығы ұсынған реформалар қазақстандық қоғамда қалыптасқан кең ауқымды көзқарастардың көрінісі болды .
Брифинг соңында В.Темірбаев Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Елшілік өткізген іс-шаралар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.