Литва Қазақстанмен өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Литва Қазақстанмен өңіраралық ынтымақтастықты  кеңейтуге мүдделі

Утена, 2022 жылғы 14 қазан – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Утена қаласына жұмыс сапары аясында вице-мэр Виталиус Шершневаспен, БАҚ өкілдерімен және Утена уезінің іскер қоғамдастығымен кездесулер өткізді.

Қазақстандық дипломат Қазақстанның экспорттық және инвестициялық әлеуеті, елімізде бизнес жүргізудің артықшылықтары туралы айтып берді. Журналистер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қатысты сұрақтарына жауап алды. Әділ Қазақстанды құруға бағытталған саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасына, оның ішінде алдағы президенттік сайлауға ерекше назар аударылды.

Литва тарапы ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және экотуризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді, қазақстандық дипломат елімізде бизнес ашудың жаңа мүмкіндіктері туралы хабардар етті.

Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі «Utenos trikotazas» трикотаж бұйымдарын шығаратын компанияға барған кезде Виктор Темірбаев ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылап, Қазақстанның мақта-тоқыма саласындағы инвестициялық жобалардың тизерлерін тапсырды.

Ағайынды Микиняй атындағы Утена кітапханасында қазақстандық дипломат екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына
30 жыл толуына орай «Қазақстан және Литва: бостандық және достық» балалар суреті көрмесінің ашылуына қатысты. Іс-шара аясында «Литва-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Эдмунтас Пупиниспен бірлесіп конкурсқа қатысқан оқушыларға құрмет көрсетілді.

Көрмеге Литваның төрт аймағынан келген 24 өнер мектебінің оқушыларының жұмыстары қойылған. Бұрын көрме Вильнюс пен Друскининкайда кезек-кезек көрсетілді.

Утена кітапханасының қорына литва тіліне аударылған және Қазақстан Елшілігінің бастамасымен жарық көрген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітаптары берілді.