Литва парламентшілері: Конституциялық реформа қазақстандықтардың ел басқару ісіне кеңінен қатысуына мүмкіндік береді

Литва парламентшілері: Конституциялық реформа қазақстандықтардың ел басқару ісіне кеңінен қатысуына  мүмкіндік береді

Вильнюс, 2022 жылғы 30 мамыр – ҚР Елшілігі «Қазақстан-Литва» парламентаралық достық тобымен бірлесіп, Литва Республикасының Сеймінде Қазақстандағы конституциялық реформаларға арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Айгүл Құспан, Сейм вице-спикерлері Юлиус Сабатаускас және Йонас Ярутис, Литва парламентінің түрлі фракциялары мен комитеттерінің өкілдері қатысты.

ҚР Елшісі Виктор Темірбаев еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі реформаларды іске асыру барысы туралы сөз қозғап, ағымдағы жылдың 5 маусымда болатын Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыұлттық референдум туралы хабардар етті.

А.Құспан литвалық әріптестерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған «Жаңа Қазақстанды» құру аясындағы ауқымды өзгерістер туралы егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақстандық депутат алдағы референдумға және «қайғылы қаңтар» оқиғаларын тергеу барысына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ю.Сабатаускас саяси партияның Қазақстан Парламентіне өтуінің ең төменгі шегін 5%-ға дейін төмендетуге қатысты оң өзгерістерді жоғары бағалады. Оның пікірінше, ҚР Президенті ұсынған конституциялық өзгерістер қарапайым азаматтарға елді басқаруға қатысуға үлкен мүмкіндік береді.

Сеймдегі парламентаралық достық тобының Төрағасы Эдмундас Пупинис Литва Қазақстанды демократиялық елдер қоғамында көруге қуанышты екенін және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шара соңында литвалық депутаттар Қазақстанның саяси жаңғыру бағытын қолдай отырып, елімізге демократиялық даму және әлеуметтік бағдарланған мемлекет құру жолында табыс тіледі.

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуының қарсаңында өткізілді. Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Литва арасындағы саяси қатынастардың жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті, ол өз кезегінде сауда-экономикалық саладағы әлеуетті іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырды. Геосаяси жағдайға және логистикалық тізбектердің бұзылуына қарамастан, өзара сауда көлемі тұрақты өсуде. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың (71,6 млн.) сол кезеңімен салыстырғанда 4 есе өсіп, 294,4 млн. құрады.