
Каунас, 20 мамыр 2022 жыл – Каунас қаласындағы Ұлы Витовт университетінің Үлкен залында Қазақстан мен Литваның дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына орай ҚР Елшілігі
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған салтанатты кеш өткізді.
Іс-шараға Сейм депутаттары, қала мэриясының, іскерлік және қоғамдық топтардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық студенттер қатысты.
ҚР Құрметті консулы Альбертас Милинис кеш қонақтарын мерейтойлары ЮНЕСКО-ның есте қаларлық даталардың халықаралық күнтізбесіне енген қазақ халқының көрнекті өкілдері – А.Байтұрсынұлы мен Р.Бағланованың өмірі мен шығармашылығымен таныстырды.
Мерекелік концертте қазақстандық әртіс Гүлниза Жұмажанова домбырада қазақтың халық әндерін, оның ішінде Роза Бағланованың репертуарындағы шығармаларды орындады.
Салтанатты кеш аясында қазақстандық дипломаттар Қазақстан-Литва ынтымақтастығының отыз жылдағы жетістіктері, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы айтып берді.
Сеймнің экономика жөніндегі комитетінің төрағасы Казис Старкявичюс өз сөзінде екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті.
Кеш қонақтары Қазақстан туралы көбірек білуге мүмкіндік берген іс-шараны ұйымдастырғаны және өткізгені үшін алғыстарын білдірді.
Көптеген сәулет ескерткіштері мен көптеген мұражайларымен танымал литваның бұрынғы астанасы және екінші ірі қаласы – Каунас қаласы 2022 жылы Еуропаның мәдени астанасы деп аталу құқығына ие болды. Жыл ішінде мұнда 40-қа жуық фестиваль, 60-тан астам көрме, 250 орындаушылық өнер және 250-ден астам концерт өтеді. 2023 жылы мәдени астанасы венгр Веспрем, ал 2024 жылы - эстон Тарту және норвегиялық Бодо болады.