
Вильнюс, 18 мамыр 2022 жыл – Қазақстан Елшілігі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің (Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан) және бақылаушының (Мажарстан) дипломатиялық миссияларымен бірлесіп, халық музыкасының салтанатты концертін өткізді. Іс-шара аясында Түркі елдерінің мәдениеті, салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары ұсынылды.
Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Г.Гозалов, литвалық ресми тұлғалар, Сеймнің депутаттары, іскер және академиялық топтардың өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, қазақ диаспорасы, сондай-ақ Литвада аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде ҚР Елшісі В.Темірбаев «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының Қазақстан халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани мұрасын жаңғыртудағы рөлі туралы айтып берді.
Қазақстандық дипломат шетелдік аудиторияға Ахмет Байтұрсынұлы (150 жас), Роза Бағланова (100 жас) және Мұхтар Әуезов (125 жас) сияқты көрнекті мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің өмір жолы мен мұрасы туралы ақпарат берді.
Концерттің құрметті қонағы – қазақстандық өнерпаз Гүлниза Жұмажанова іс-шара қонақтарын күйлермен, домбыра үндерімен, қазақтың халық әндерімен тәнті етті. Іс-шараға әзірбайжан, венгр және түрік өнерпаздары да қатысты.
Қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қазақтың ұлттық киімдерін тамашалап, еліміздің туристік әлеуетімен танысты.