
Вильнюс, 14 сәуір, 2022 жыл. Қазақстан Республикасының Елшісі В.Темірбаев Литвадағы алғашқы және үздік технопарктердің бірі болып табылатын –«Висоряй» ақпараттық технологиялар паркінде (VPIT) болды. Сапар барысында қазақстандық дипломат «Nanoavionics» (шағын ғарыштық спутниктер), «Geomatrix» (спутниктік деректерді өңдеу), «Optogama» (лазерлік өндіріс) компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізді.
«Nanoavionics» компаниясының дамыту жөніндегі директоры Ж.Кведаравичус наноспутниктарды шығару бойынша «Назарбаев Университеті» АҚ-мен ынтымақтастық туралы хабардар етіп, Қазақстанның тағы бір университетімен – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен өзара әрекеттесуге мүдделілік танытты. ҚазҰУ-да 2009 жылдан бастап шағын ғарыштық спутниктерді жасау бойынша өндіріс жүзеге асыруда.
«Geomatrix» директоры Г.Вайткус жерді қашықтықтан зондтау және геоинформатика, инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеу және экстремалды геокомпьютер қызметтері саласындағы қолданбалы зерттеулерге маманданған компания туралы айтты. В.Темірбаев әңгімелесушімен литвалық компания жүргізіп жатқан зерттеулерді Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту үшін ықтимал қолдану мәселелерін талқылады.
Қазақстан Елшісі «Висоряй» ақпараттық технологиялар паркінің басқарма төрағасы С.Арелиспен әңгімелесу барысында «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тараптар ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылау үшін Қазақстан және Литва технопарктері басшыларының бейнеконференция арқылы кіріспе кездесуін өткізуге келісті.