Қазақстан Елшісі Литва Сеймінің Сыртқы істер комитетінің төрағасымен кездесті

Қазақстан Елшісі Литва Сеймінің Сыртқы істер  комитетінің төрағасымен кездесті

Вильнюс, 8 ақпан 2022 жыл. Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Литва Сеймінің Сыртқы істер комитетінің жаңадан сайланған төрағасы Лайма Андрикиенемен кездесті.

Тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және жақын арада Литва Сеймі басшылығының Нұр-Сұлтан қаласына сапарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны еліміздің қарқынды экономикалық дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі аспектілерімен таныстырды.

Л.Андрикиене өз кезегінде Литва мен Еуропалық Одақ Орталық Азиядағы көшбасшы болып табылатын Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге үлкен мән беретінін атап өтті.

В.Темірбаев Үкіметтің қаңтар айындағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қазақстандық құқық қорғау органдарының оқиғаның барлық мән-жайларын тергеу барысы және ұсталғандардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдарды мұқият қарау туралы фактілер ұсынылды.

Әңгіме соңында Л.Андрикиене достас Қазақстан халқына қолдау білдіріп, елімізге бейбітшілік пен тұрақтылық тіледі.