
Вильнюс, 12 қаңтар 2022 жыл. Төтенше және Өкілетті Елші Виктор Темірбаев Литваның жетекші БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, оның барысында Қазақстандағы ағымдағы жағдай және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі туралы хабардар етті.
Дипломат Жаңаөзен қаласындағы бейбіт митингілерден бастап Алматыдағы және Қазақстанның басқа да қалаларындағы қайғылы оқиғаларға дейінгі оқиғалардың хронологиясын егжей-тегжейлі айтып берді. Ол лаңкестік топтардың еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіруге әрекеттенгенін, әкімшілік мекемелерге, полиция бөлімшелеріне, бейбіт тұрғындарға, соның ішінде медицина қызметкерлеріне, өрт сөндірушілер мен журналистерге жаппай қарулы шабуылдар жасағанын атап өтті.
Құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері кейбір БАҚ бұрмалап көрсететіндей «бейбіт шерушілерге» емес, лаңкестерге қарсы тұрды. Жақын арада құқық қорғау органдарының алдын ала тергеуі аяқталғаннан кейін Қазақстанға лаңкестік агрессияға қатысты қосымша айғақтар ұсынылатын болады.
В.Темірбаев журналистердің назарын Қазақстанның ҰҚШҰ-ға бітімгершілік контингентін жіберу туралы өтінішімен заңды түрде жүгінгенін, ол өз миссиясын сәтті орындап, қазақстандық тараптың өтініші бойынша таяу күндері республикадан кететінін айтты.
Елші Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Премьер-Министр
А.Смайылов бастаған Үкіметтің жаңа құрамын тағайындауы және Мемлекет басшысының елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикамызда саяси реформалар жүргізу жөніндегі тапсырмалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Дипломат Қазақстан-Литва достық қатынастарының өзгермейтіндігіне, сондай-ақ еліміздегі шетелдік инвестициялардың қауіпсіздігі мен сақталуына сендірді. Қазақстанның Литвадағы Елшілігі ағымдағы жылы бұрын жоспарланған барлық іс-шараларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.
Брифинг соңында журналистер өздерін қызықтыратын бірқатар сұрақтарға жауап алды.