
Вильнюс, 15 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан елшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған бейнеконференция режимінде «дөңгелек үстел» өткізді.
Іс-шараға Сеймнің вице-спикері Ю.Сабатаускас, парламент депутаттары, академиялық және іскерлік топтардың өкілдері, Қазақстанның құрметті консулдар мен литвалық БАҚ журналистері қатысты.
Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев «дөңгелек үстелге» қатысушыларды Жолдаудың негізгі аспектілерімен, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерімен және оның азаматтарының әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттермен таныстырды.
Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді бірлесіп іске асыру үшін, атап айтқанда, Литвадан заманауи цифрлық технологиялар трансферті саласында және жаңартылатын энергия көздері саласындағы литвалық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі үшін жаңа перспективалардың бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы экономиканың қалпына келу қарқынын, пандемиядан кейінгі кезеңде реформаларды жүргізуде республика басшылығының жүйелі тәсілін және халықтың ең осал топтарын қолдау шараларын жоғары бағалады.
Литва Сеймінің Қазақстанмен парламентаралық байланыстар тобының төрағасы Эдмундас Пупинис өз сөзінде Жолдаудың әлеуметтік бағыттылығына, атап айтқанда 2025 жылға қарай елде жаңадан 1 мың мектеп құрылысына және тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін пайдалану мүмкіндігіне назар аударды.
Литвалық депутаттар Жолдауды іске асыру аясындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасында қол қойылған кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерімен байланысты екенін атап өтті.
Литва 2020 жылы финтех-салада тіркелген жаңа кәсіпорындар саны бойынша Еуропа Одағының көшбасшысы болды. Бұл елде барлығы 2 мыңнан астам IT-компания жұмыс істейді, Балтық елдерінің 20 ірі финтех компаниясының 13-і Литвада орналасқан.
Әлемге әйгілі Barclays, Western Union, Uber, PricewaterhouseCoopers (PWC), Nasdaq, Ernst & Young және басқа да компаниялар өздерінің бизнес операцияларын Литваға тапсырды.
Литва Үкіметі энергетиканың басты көздерінің бірі ретінде жаңартылатын энергия көздеріне көшу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2050 жылға қарай Литваның энергетикалық теңгерімінде ЖЭК үлесі 70% - ды құрайтын болады.