Вена, 2026 жылғы 16 қазан — Қазақстан Республикасының делегациясы 12–16 қазанда Вена қаласында өткізілген БҰҰ Халықаралық сауда құқығы комиссиясының (БҰҰ ХСҚК) инвесторлар мен мемлекеттер арасындағы дауларды реттеу жүйесін реформалау жөніндегі III жұмыс тобының 55-сессиясына қатысты.
Қазақстан сессияға байқаушы ретінде қатысты. Делегация құрамына ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық төрелік жөніндегі ұлттық сарапшы кірді.
Сессия аясында халықаралық инвестициялық дауларды шешу тәртібін жетілдіруге бағытталған ережелердің жобалары қаралды. Талқылау дауларды бейбіт жолмен реттеу, төрелік талқылауларды үшінші тараптардың қаржыландыруы, ұлттық құқықтық қорғау құралдарына жүгіну, қатар жүргізілетін талқылаулардың алдын алу, өтемақы мөлшерін айқындау және инвестициялық шарттарды түсіндіру мәселелерін қамтыды.
Қазақстан делегациясы құқықтық айқындықты арттыруға және мемлекеттер мен инвесторлардың мүдделерін теңгерімді ескеруге бағытталған ұсыныстарға назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы консультациялардың, келіссөздер мен медиацияның маңызын атап өтіп, дауларды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесетін шаралар іс жүзінде жүзеге асырылатындай болуы және талқылаулардың негізсіз созылуына әкелмеуі тиіс екенін жеткізді.
Қазақстан инвестициялық дауларды реттеу жүйесін реформалау бойынша теңгерімді тәсілдерді әзірлеуге үлес қоса отырып, БҰҰ ХСҚК жұмысына алдағы уақытта да сындарлы қатысуға ниетті.
Вена, 2026 жылғы 8 қазан — Қазақстан Республикасының делегациясы Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (ХҚКК) қызметіне қолдау білдіріп, қарулы қақтығыстар саны артып отырған жағдайда халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтаудың ерекше маңызын атап өтті. Мәлімдеме ХҚКК Президенті Мирьяна Споляричтің сөз сөйлеуіне жауап ретінде жасалды.
Өз сөзінде Мирьяна Сполярич соғыстың өзінде де шектеулер болуы тиіс екенін, ал бейбіт тұрғындарды, медицина қызметкерлері мен гуманитарлық ұйымдар өкілдерін қорғау бұлжымас талап болып қалуға тиіс екенін атап өтті.
Қазақстан ХҚКК-ның қарулы қақтығыстардан зардап шеккен адамдардың өмірі мен қадір-қасиетін қорғаудағы, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеуді ілгерілетудегі маңызды рөлін жоғары бағалады. Қазақстан үшін бітімгерлік, гуманитарлық қызмет және халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау өзара сабақтас бағыттар екені атап өтілді.
Қазақстанның Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастаманы ілгерілетудегі бастамашылардың бірі ретіндегі қатысуына ерекше назар аударылды. Аталған бастама мемлекеттердің халықаралық гуманитарлық құқықтың қолданыстағы нормаларын сақтауға бағытталған саяси ерік-жігерін күшейтуді көздейді.
Қазақстан делегациясы ХҚКК-мен практикалық ынтымақтастықты, оның ішінде зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек көрсетуді, БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуды және қазақстандық әскери қызметшілерді халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бойынша даярлауды жалғастыруға дайын екенін растады. Сондай-ақ әскери салада жасанды интеллектті, автономды қару-жарақ жүйелерін және кибертехнологияларды қолдану кезінде халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қатаң сақтаудың қажеттілігі атап өтілді.
Astana, September 29 – Deputy Minister of Foreign Affairs of the Republic of Kazakhstan Arman Issetov met with a delegation of the Parliamentary Group «Austria–Kazakhstan, Kyrgyzstan, Mongolia, Tajikistan, Turkmenistan and Uzbekistan», headed by Markus Hofer.
The parties discussed prospects for Kazakhstan–Austria cooperation, with particular emphasis on developing interparliamentary dialogue. They noted the importance of establishing direct contacts between the parliamentarians of the two countries and arranging a reciprocal visit by the Kazakhstan–Austria Friendship Group to Vienna.
Particular attention was paid to trade, economic and investment cooperation, including preparations for the forthcoming meetings of the Intergovernmental Commission and the Business Council, scheduled to take place in Vienna on 19‑20 November this year.
The parties considered opportunities for cooperation in critical raw materials, energy security, transport infrastructure and logistics. They highlighted the potential participation of Austrian companies in joint production and projects within the Middle Corridor.
The parties also exchanged views on developing cooperation in agriculture, dual education and tourism.
Вена, 2026 жылғы 29 қыркүйек – 1 қазан. Венада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толуына орай бірқатар іс-шара өтті.
29 қыркүйекте Вена қалалық әкімдігінде (Ратушада) салтанатты рәсім өтті. Оған ЯСЖТШ-ға қол қойған мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және дипломатиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Іс-шарада ЯСЖТШ Ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд, Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі Беате Майнль-Райзингер және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси құттықтау сөздерін сөйледі.
Қатысушылар Шарттың ядролық сынақтарға қарсы халықаралық норманы қалыптастырудағы тарихи маңызын, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық сынақтарды бақылаудың халықаралық режимін нығайтудағы Халықаралық мониторинг жүйесінің маңызды рөлін атап өтті.
1 қазанда мерейтойлық бағдарлама ЯСЖТШ Ұйымының «Нөлге апарар жол» (The Road to Zero) атты қысқаметражды фильмінің көпшілікке арналған көрсетілімімен аяқталды. Фильмде дипломаттардың, ғалымдардың және тиісті сала мамандарының естеліктері мен ой-пікірлері арқылы халықаралық қоғамдастықтың соңғы үш онжылдықтағы негізгі жетістіктері баяндалып, ядролық сынақтарды тоқтатуға бағытталған жаһандық күш-жігердің тарихы хронологиялық ретпен көрсетілді. Фильмде ядролық сынақтар санының 2000-нан асқан кезеңінен бастап, ЯСЖТШ қол қою үшін ашылғаннан кейін олардың айтарлықтай қысқаруына дейінгі халықаралық қоғамдастықтың жүріп өткен жолына ерекше назар аударылған.
Фильм көптеген жылдар бойы ядролық сынақтарға толық тыйым салуды дәйекті түрде қолдап келген мемлекет ретінде танылған Қазақстанның қолдауымен түсірілді. Фильмде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атап өтуінше, осы мақсатқа бейілділік Қазақстанның халықаралық қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қалуда.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы халықаралық режимдерді нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бұл бейілділіктің тарихи үлгісі ретінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы танылды. Бүгінде Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының қызметіне белсенді қатысу және Шарттың күшіне енуіне бағытталған халықаралық күш-жігерді ілгерілету арқылы осы ұстанымын жалғастырып келеді.
Фильмді төмендегі сілтеме арқылы көруге болады:
Вена, 2026 жылғы 14-18 қыркүйек – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанның атом саласының жоғары әлеуетін, еліміздің атом энергиясын қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарына бейілділігін, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Бұл туралы Агенттіктің Бас директоры АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясы аясында өткен халықаралық көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильонының ресми ашылу рәсімінде мәлімдеді. Қазақстан экспозициясында халықаралық қауымдастыққа отандық атом саласының әлеуеті, ғылыми және технологиялық әзірлемелері, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары таныстырылды.
2026 жылғы 14-18 қыркүйекте өткен АЭХА Бас конференциясының мерейтойлық сессиясына қатысқан қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин басқарды.
Жалпы пікірталастар барысында Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, атом саласын одан әрі дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайту, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту және білікті кадрлар даярлау салаларындағы еліміздің негізгі басымдықтарын айқындайтын ұлттық мәлімдемесін жасады.
Бас конференция аясында Қазақстан делегациясы үш тақырыптық сайд-ивент ұйымдастырды.
«Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: ұлттық қасіреттен ұлттық мақтанышқа дейін» атты іс-шара Қазақстанның ядролық мұраны зерделеу және ядролық сынақтардың салдарын еңсеру тәжірибесіне, сондай-ақ қазіргі заманғы ядролық ғылымды дамытуға арналды.
«Қазақстанның алғашқы атом электр станциялары үшін адами капиталды дамыту» атты іс-шара барысында Қазақстан өкілдері мен халықаралық сарапшылар қауымдастығы елдің атом энергетикасын дамыту үшін мамандар даярлау, адами капиталды қалыптастыру және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін талқылады.
«Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамыту: радиофармацевтикалық препараттар өндірісінен протондық терапияға дейін» атты тақырыптық іс-шара денсаулық сақтау саласындағы ядролық технологияларды дамытуға, оның ішінде радиофармацевтикалық препараттар өндіруге, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге арналды.
Қазақстанның АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясына қатысуы еліміздің ғылыми-технологиялық құзыреттерін халықаралық қауымдастыққа таныстырудың маңызды алаңына айналды. Агенттік басшылығының Қазақстанның әлеуетіне берген жоғары бағасы, сондай-ақ ұлттық павильон мен тақырыптық іс-шаралардың мазмұнды бағдарламасы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындап, оны одан әрі дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашты.
Қазақстан атом саласын қауіпсіздік, жауапкершілік және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттары негізінде дамытуды жалғастыруда.
Прага, 2026 жылғы 10-11 қыркүйек. Швейцария төрағалығымен «Озық технологиялар мен ғылымға негізделген дипломатия арқылы ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) 32-ші Экономикалық және қоршаған орта форумының (ЭЭФ) қорытынды отырысы өтті. Форумға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының, академиялық ортаның және жеке сектордың өкілдері экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылау үшін бас қосты.
Елші Қайрат Әбдірахманов бастаған ҚР-дың ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдік пен Чехиядағы Елшіліктің өкілдерінен тұратын Қазақстан делегациясы форум жұмысына белсенді қатысты. Пленарлық отырыстар мен тақырыптық пікірталастар барысында қатысушылар стратегиялық болжау технологияларын мемлекеттік басқаруға интеграциялау, ғылыми дипломатияны дамыту, алдын ала ескерту тетіктерін жетілдіру, виртуалды активтерді басқару, энергетикалық тұрақтылық және ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін жасанды интеллект пен басқа да инновациялық шешімдерді пайдалану мәселелерін талқылады.
Қазақстан делегациясы өз ұлттық мәлімдемесінде экономикалық және экологиялық өлшемдегі ЕҚЫҰ міндеттемелеріне бейімділігін растап, озық технологиялар тек тәуекелдерді азайту құралы ғана емес, сонымен қоса өңірдегі сенімділік пен тұрақтылықты қалыптастырудың қажетті құралы екенін атап өтті. Қазақстан өкілі іс-шараға қатысушыларды елдің цифрлық дамуға стратегиялық бағыты, соның ішінде 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы, сондай-ақ бұл инновациялық тәсілдің 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциясында бекітілгені туралы хабардар етті.
Баяндамада су мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан өкілі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдауға шақырып, су тапшылығы жаһандық қауіпсіздікке ең өзекті қауіптердің бірі екеніне назар аударды.
Технологиялық ынтымақтастық тұрғысынан Қазақстан делегациясы көлік өзара байланыстықты дамыту қажеттілігін және оның өткізу қабілетін айтарлықтай арттыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда Ақтау және Құрық порттары үшін цифрлық платформалар құру бойынша ЕҚЫҰ жобаларын одан әрі жүзеге асыруға қызығушылық білдірілді.
Орталық Азиядағы энергетикалық көші-қон, инвестиция және тұрақты инфрақұрылым мәселелері жөніндегі сарапшы және ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы энергетика саласындағы әйелдер желісінің мүшесі Әлия Сәлімжуарова «Технологиялық іс-әрекетте – жергілікті қатысушылардың әлеуетін нығайту және жергілікті мүмкіндіктерді кеңейту» атты бөлек панельдік сессияда, сондай-ақ Орталық Азиядағы маңызды минералды ресурстар саласындағы жаңа үрдістерге арналған форум аясындағы қосымша іс-шарада сөз сөйледі. Өз баяндамаларында ол зерттеуінің негізгі нәтижелері, соның ішінде өңірлік энергетика, экономика және экология қауіпсіздігі үшін маңызды минералдардың рөлі туралы өз пікірімен бөлісті.
Форум қауіпсіздікке кешенді тәсілді одан әрі нығайту және болашақтағы қиындықтарды шешу үшін озық технологиялар мен ғылыми дипломатияны белсенді пайдалану туралы үндеумен аяқталды.
Вена, 2026 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Республикасының делегациясы 2026 жылғы 31 тамыз – 4 қыркүйек аралығында Вена халықаралық орталығында өтіп жатқан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының жүзеге асырылуын шолу тобының қайта жалғасқан он жетінші сессиясының бірінші бөлігіне қатысты.
Сессия барысында мемлекеттер Конвенцияның жүзеге асырылуын шолу тетігінің екінші кезеңіне дайындық, елдерге шолу жүргізу рәсімін жетілдіру, ақпараттық-технологиялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ қатысушы мемлекеттерге техникалық көмек көрсету мәселелерін қарастырды.
Конвенцияның жүзеге асырылуын талқылау шеңберінде сөз сөйлеген қазақстандық делегацияның басшысы оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі әмбебап халықаралық-құқықтық құрал ретіндегі маңызын атап өтіп, Шолу тетігінің екінші кезеңінің басталуын құптады.
Қатысушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық және заңнамалық өзгерістер, оның ішінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы қайта ұйымдастыру және Комитеттің ведомствосы ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметін құру туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ пара беруге уәде беру, пара ұсыну және пара талап ету үшін жауаптылық енгізу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары субъектілерінің аясын кеңейту және заңды тұлғалардың жауаптылығын күшейту жөніндегі шаралар атап өтілді.
Қазақстан делегациясы өзара құқықтық көмек көрсету, ақпарат алмасу, активтерді іздестіру және қайтару, экстрадициялау және бірлескен тергеулер жүргізу мәселелеріндегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан сындарлы өзара іс-қимылға және БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін іс жүзінде жүзеге асыруға бейілділігін растады.
2026 жылғы 2 қыркүйекте Вена халықаралық орталығында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне және 2026 жылғы үш айтулы мерейтойға – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) ашылуына 30 жыл және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың қабылданғанына 20 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
Іс-шараны Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясы, Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының (БҰҰ ҚМБ) Венадағы кеңсесі бірлесіп өткізді.
Қатысушылар Қазақстанның 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы қабылдаған тарихи шешімінің маңызын атап өтті. Қырық жылдан астам уақыт ішінде мұнда 456 ядролық сынақ жүргізіліп, оның зардаптары бірнеше ұрпақ бойы халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әсер етті. Полигонның жабылуы халықаралық қоғамдастыққа маңызды саяси сигнал беріп, ядролық сынақтарға қарсы жаһандық норманың қалыптасуына ықпал еткен маңызды оқиғалардың біріне айналды.
ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы доктор Роберт Флойд Қазақстанның ядролық сынақтарға қарсы жаһандық норманы қалыптастыруға және ЯСЖТШ-ның сақталуын бақылаудың халықаралық жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның Шарттың верификациялық тетіктерін нығайту бағытында жүзеге асырып отырған практикалық қадамдарына тоқталды.
Қазақстан атынан сөз сөйлеген Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілінің орынбасары Ержан Қуатбеков Семей полигонының тәжірибесі ядролық сынақтардың алдын алуға бағытталған халықаралық күш-жігерлердегі Қазақстанның айрықша рөлін айқындап бергенін атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай жасаған үндеуіне сілтеме жасай отырып, ол полигонның жабылғанына 35 жыл толуы бүкіл адамзатқа ядролық сынақтардың қайғылы зардаптарын еске салып қана қоймай, олардың қайталануына жол бермеуге үндейтін маңызды белгі болуға тиіс екенін атап өтті.
Әлемдегі көлемі жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, Қазақстан бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын саналы түрде таңдады. Бүгінде бұл таңдау Қазақстанның ядролық мемлекеттер арасындағы диалогты, ЯСЖТШ-ның мүмкіндігінше тезірек күшіне енуін, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуды және ядролық қатерлерді жою жөніндегі батыл көпжақты күш-жігерді қолдайтын ұстанымын айқындап әрі нығайтып келеді.
БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының Венадағы кеңсесінің басшысы Ребекка Джовин Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы халықаралық күн тәртібін белсенді ілгерілетудегі дәйекті ұстанымына жоғары баға беріп, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында ЯСЖТШҰ Халықаралық мониторинг жүйесі станцияларының ұлттық операторлары да сөз сөйледі. Олар станциялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, осылайша жаһандық верификациялық тетіктің сенімділігіне тікелей үлес қосуда. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Геофизикалық зерттеулер институтының Деректер орталығының аға ғылыми қызметкері Абылай Өзбеков сөз сөйледі. Ол Қазақстан аумағында орналасқан бес станцияның жұмысын қамтамасыз етудегі еліміздің практикалық рөлі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
2026 жылғы 26 тамыз, Вена – Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Бас директоры Ерлан Батырбеков Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) В Жұмыс тобының төрағасы ретінде өзінің соңғы отырысын өткізді.
Е. Батырбеков В Жұмыс тобына 2021 жылғы сәуір айынан бастап төрағалық етті. Оның өкілеттік мерзімін ерте аяқтау туралы шешімі Қазақстан Республикасындағы жаңа саяси қызметке ауысуымен, оның ішінде «Әділет» партиясының басшылығындағы қызметімен және кейіннен Қазақстан Республикасы Құрылтайындағы қызметімен байланысты.
2026 жылғы 25 тамыз – 4 қыркүйек аралығында өтіп жатқан В Жұмыс тобының отырысында ЯСЖТШҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары Е. Батырбековтің Ұйым жұмысына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның Жұмыс тобына тиімді басшылық еткенін және Шарттың сақталуын бақылаудың болашақ режимінің верификациялық тетіктерін одан әрі жетілдіруге қосқан үлесін атап өтті. Сөз сөйлеген делегациялар оның төрағалық ету кезеңі Ұйым қызметі үшін күрделі кездерге, оның ішінде COVID-19 пандемиясына, бюджет-қаржылық шектеулерге және геосаяси ахуалдың шиеленісуіне тұспа-тұс келгенін атап өтті.
ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы доктор Роберт Флойд Е. Батырбековтің күрделі мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізуге ықпал ету қабілетін, сонымен қатар Жұмыс тобының техникалық және кәсіби сипатын сақтай алғанын атап өтті. Хатшылық атынан және жеке өзі Э. Батырбековке Ұйым жұмысына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Өз кезегінде, Е. Батырбеков ЯСЖТШҰ-ға мүше мемлекеттердің делегацияларына және Хатшылыққа сындарлы өзара іс-қимыл мен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, олардың арқасында Жұмыс тобы нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Ол Жұмыс тобы қызметінің кәсіби және техникалық сипатын сақтау және оның құзыретіне кіретін мәселелердің саясиландырылуына жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
Е. Батырбеков сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметінің білдірген сеніміне, халықаралық ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану режимін және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға берген мүмкіндігі үшін ризашылығын білдіріп өтті.
Қазақстан өкілінің ЯСЖТШҰ-ның В жұмыс тобына бес жылдан астам уақыт бойы төрағалық етуі мемлекетіміздің Ұйым қызметіне және оның халықаралық верификациялық тетігін одан әрі дамытуға қосқан үлесі болды.
Вена, 2026 жылғы 26 тамыз – Венадағы БҰҰ бөлімшесінде жыл сайын 29 тамызда атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай 829 қадамнан тұратын символикалық шеру өтті.
Халықаралық акцияны Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы доктор Роберт Флойд, Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының Венадағы бөлімшесінің басшысы Ребекка Джовин ұйымдастырды.
829 қадамның символикасы 29 тамыз (08.29) күніне байланыстырылған. Бұл күн көпшілік үшін ядролық сынақтардан үзілді-кесілді бас тартудың символына айналды. Дәл осы 1949 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағы өзінің алғашқы ядролық сынағын өткізген. Арада 42 жыл өткен соң, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан төрт онжылдықтан астам уақыт ішінде 456 ядролық жарылыс жасалған полигонды біржола жапты.
Веналық акция Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толуына орай Нью-Йорк, Женева және Вена алаңшаларындағы бірқатар іс-шаралардың бастауы болды.
2026 жыл айрықша маңызға ие: биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толып отыр.
Венадағы 829 қадам ядролық сынақтардың адамзат пен қоршаған ортаға тигізген зардаптарын еске салып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және ядролық сынақтарсыз болашақты қалыптастыру жолындағы бірлескен күш-жігердің символына айналды.