Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭХА-да таныстырылды

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭХА-да таныстырылды

Вена, 2025 жылғы 17 наурыз - ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Азат Сарпеков бастаған Қазақстан делегациясы Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенциясы уағдаласушы тараптарының 8-ші кездесуінде ұлттық баяндаманы ұсынды.

Қазақстан делегациясының басшысы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) мүше мемлекеттерін Біріктірілген конвенция шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ пайдаланылған отынмен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша мемлекеттік саясат пен тәжірибемен таныстырды.

АЭХА басшылығы Қазақстанның ұлттық баяндамасын жоғары бағалап, Біріктірілген конвенцияның ережелерін орындаудағы күш-жігерін атап өтті. Уағдаласушы тараптардың өкілдері Қазақстанға атом энергетикасын пайдалану саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру және АЭХА-ның ядролық және радиациялық қауіпсіздігі жөніндегі ережелерге сәйкестігін сақтауды ұсынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде ядролық кластер құру және үш атом электр станциясын салу жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы энергетикалық қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді стратегиясы аясында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігін құру жөніндегі шешімді жариялағаны айрықша атап өтілді. Бұл шешім елдің атом энергетикасын дамытуға деген жоғары назарын, сондай-ақ осы саладағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін институционалдық құрылымды нығайту қажеттілігін көрсетеді.

Біріктірілген конвенция уағдаласушы тараптарының кездесуі 28 наурызға дейін Венада жалғасады.