
Вена, 2025 жылғы 7 наурыз – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (АЭХА) Басқарушылар кеңесі Қазақстан бастамасымен Агенттік мүше мемлекеттерінің егеменді теңдігін қалпына келтіру мәселесін талқылады.
Мүше мемлекеттер осы мәселені шешуде оң өзгерістердің орын алғанын атап өтіп, оған 2023 жылы Қазақстанның бастамасымен қабылданған АЭХА Бас конференциясының қарары ықпал еткенін жеткізді. Егеменді теңдікті қалпына келтіру жөніндегі күш-жігердің нәтижесінде үш мүше мемлекет – Бахрейн, Непал және Бруней-Даруссалам – тиісті өңірлік топтарға енгізіліп, Агенттіктің басқарушы органдарына сайлануына мүмкіндік алды. Сонымен қатар, бірқатар елдер АЭХА директивті органдарына сайлану жүйесін реформалауды қолдады.
Қазақстан Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде АЭХА мүше мемлекеттерінің негізгі құқықтарын шектеуге жол беруге болмайтынын атап өтіп, өңірлік топтарды осы мәселені шешуде икемділік танытуға шақырды. Ол Қазақстанның Агенттікте БҰҰ-ның негізгі қағидаларын нығайту бойынша жұмыстарын жалғастыра отырып, АЭХА Бас конференциясының 69-сессиясында Басқарушылар кеңесіне тікелей кандидатурасын ұсыну құқығын сақтайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Тұрақты өкілі АЭХА Басқарушылар кеңесін «Ешқандай өңірлік топтарға кірмейтін АЭХА мүше мемлекеттерінің достар тобы» жұмысын ядролық таратпау мен қарусыздану саласындағы тәжірибелі дипломат, Аргентина Елшісі Густаво Злаувиненнің төрағалығымен жалғастыратынын хабардар етті.